Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып,тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді
Түркістан қаласы тағы бір демалыс аймағымен толықты. Бүгін шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығынан бой көтерген жасанды көлі бар саябақ пайдалануға тапсырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып,тұрғындарға ізгі тілегін жеткізді.
Бүгін біз балаларды қорғау күні мерекесі қарсаңында Түркістан төрінде табиғатпен тығыз байланыс орнататын, демалып серуендейтін тағы да бір саябақтың ашылуына куә болып тұрмыз. Қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы орта қалыптастыру – біздің басты мақсаттарымыздың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет» деп айтқан болатын. Ал, бұл саябақ – қаланың экологиялық, туристік әлеуетін арттыруға бағытталған тың жобалардың бірі. Саябақ Түркістанның жасыл қалаға айналуына үлкен септігін тигізеді. Жалпы Түркістанда 109 саябақ пен скверлер қызмет көрсетуде. Ал, бүгін ашылған саябағымыз 110-шы болып отыр. Бұл жобаны іске асыруға атсалысқан барлық мамандарға, құрылысшыларға алғысымды білдіремін. Сіздердің еңбектеріңіз – елге қызмет етудің жарқын белгісі. Аймақта жыл санап туристер саны өсіп келеді. Демалыс орындары да ашылуда. Осылардың барлығы Түркі әлемінің орталығы Түркістан қаласының дамуына оң серпін береді. Сіздерді жаңа саябақтың ашылуымен тағы да шын жүректен құттықтаймын! – деді Нұралхан Көшеров.
Қалалық саябақта Түркістан қаласының ерекше мәртебесіне және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына би және театрландырылған қойылымдар ұсынылып, әуезді әндер орындалды. Серік Ибрагимов, Нұржан Жүсіпбеков, Гүлмира Құдайбергенова және басқа да елімізге танымал әншілер мен домбырашы балалар тобы өнер көрсетті. Сонымен қатар «Күлтегін» этно-фольклор ансамблі мен «Жастар» және «Жаңа леп» ұжымы, «Семсер» тобы халық әндері мен заманауи туындылар орындап, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Салтанатты шара барысында балалар мен ересектерге арналған интерактивті аймақтар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, цирк, аниматорлар және армандар шары шоуы көрсетіліп, спорттық жарыстар, сурет және қыштан бұйым жасау шеберлік сағаттары өтті.
Қалалық саябақ «Жаңа қала» аумағында 12,77 гектар жерде орналасқан. Саябақта 38 438 шаршы метр жер көгалдандырылған. 8 мыңға жуық тал мен жасыл екпе егілген. Жасанды көл 19500 шаршы метр аумақты қамтиды. Су сыйымдылығы – 60 000 м3. Көл үстінен ұзындығы 92 метр жаяу жүргіншілер көпірі салынған. Сонымен қатар көл үстінде шолу алаңы, сарқырама, субұрқақтар бар. Демалыс аймағында тамақтанатын орындар, балалар алаңшалары, әкімшілік ғимараты қарастырылған. Одан бөлек, шатырлар, жарықшамдар, 270 дана орындық пен 240 дана қоқыс жәшігі орнатылған. Саябақ бір күнде 600 адамға дейін қабылдай алады. Мұнда тұрғындар мен қала қонақтарының жайлы демалысы үшін барлық жағдай қарастырылған.