Депутат банк ішіндегі сыбайластықпен байланыстырады
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов көпбалалы ананың атына заңсыз рәсімделген несиелерге қатысты мәселе көтеріп, қаржы жүйесіндегі алаяқтық әрекеттерге алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы депутат өзінің қоғамдық қабылдауында шағымданған көпбалалы ана Мадина Нышанованың оқиғасы жайлы айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алаяқтық құрбаны болған көпбалалы ана
Әбеновтың айтуынша, Мадина Нышанова — төрт баланың анасы, олардың кенжесі небәрі екі айлық. Ол мектепте мұғалім болып жұмыс істейді, қазіргі таңда декреттік демалыста. Бұған дейін ол ипотекалық және тұтынушылық несие алған, яғни несие жүктемесі жеткілікті болған. Соған қарамастан, 2024 жылдың 25 сәуірінде оның атына үш банк арқылы қосымша 8,7 млн теңгеге бес несие рәсімделген.
Барлық рәсім бір-екі сағат ішінде жүзеге асқан. Нышанова несие алу туралы өтініш бермегенін, банк бөлімшелеріне бармағанын, келісімшарттарға қол қоймағанын, сондай-ақ ешқандай цифрлық рұқсат бермегенін алға тартады.
Банктер ішіндегі сыбайластық
Мұрат Әбенов бұл жағдайды банктердің ішкі жүйелеріндегі осалдықтармен және ықтимал сыбайластықпен байланыстырады.
Ол нақты бірнеше сұрақ көтеріп, заңнаманың бұзылған тұстарын атап өтті:
Несие қабілеті тексерілмеген – Ай сайынғы табысы жоқ, бірнеше несиесі бар азаматқа не себепті қосымша несие берілген?
Қаржы мониторингі жүйесі сәтсіздікке ұшыраған – Ұлттық Банктің «антифрод» жүйесі бұл операцияларды неге тоқтата алмаған?
Қол қойылмаған келісімшарттар – Клиенттің өзі бармаған, биометрикалық растау өтпеген жағдайларда несие қалай рәсімделді?
Онлайн несиелеудегі заң бұзушылықтар – Қаржы нарығын реттеу агенттігі бұған неге назар аудармай отыр?
Құқықтық қорғаныс әлсіздігі – Арыздан кейін екі ай өтсе де, заңсыз рәсімделген несиелер әлі күшінде қалып отыр.
Құқық қорғау мен заңнамаға өзгеріс керек.
Депутат Әбенов заңнамалық деңгейде нақты өзгерістер қажет екенін айтты. Ол әріптесі Ерлан Стамбековпен бірге онлайн несиелеуді шектеу туралы ұсыныс білдіргенін, алайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің тарапынан қарсылыққа тап болғанын жеткізді.
"Мемлекеттік органдар банктерді қорғауды тоқтатып, азаматтардың құқығын қорғауға кірісуі керек. Қаржы ұйымдарының ашықтығы мен жауапкершілігі заңмен реттелуі тиіс", – деді Әбенов.
Сондай-ақ депутат Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің де бұл мәселеде нақты қадамға бармағанын сынады.