×

Халық тегін палауға таласқандай кітапқа қашан құмартады – ұлттық құндылықтар жайлы қоғам қайраткерлері ойын ортаға салды

Шыңғыс Мұқан қазіргі заманда құндылықтар өзгеріп кеткеніне әңгіме етті

Халық тегін палауға таласқандай кітапқа қашан құмартады – ұлттық құндылықтар жайлы қоғам қайраткерлері ойын ортаға салды
Коллаж: Qaz365.kz

Қоғам қайраткері, «Сенімен Болашақы» РҚБ ата-аналар қоғамдық бірлестігінің құрылтайшысы, идея авторы Нұркен Асановтың «Бір дем» подкастында ағартушы, "Мазмұндама" баспасының директоры Шыңғыс Мұқан мен кино және театр актері, жазушы, драматург Нартай Сауданбекұлы ұлттық құндылықтар, кітап оқу мәдениеті мен қазақ тарихы жөнінде ойларын ортаға салды. Қоғамға белгілі азаматтар әңгіменің өзегін ағытып, елді алаңдататын сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Халық неге тегін палауға таласқандай кітапқа таласпайды?

Шыңғыс Мұқан Ұлттық кітап күні белгіленгені жақсы бастама екенін, енді осыны ары қарай мазмұнды түрде жалғастыру үшін зерттеу жүргізу керек деді. Оның сөзінше, қазақтар ортасында қандай кітаптар оқылатынын, қаншалықты кітаптар өтіп жатқанын біліп алған жөн.

«Өкінішке қарай бізде осындай статистика жоқ. Мәселе көтерілді. Тиісті мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін азаматтар кітапқа қатысты зерттеулерді жүргіземіз деп отыр. Сондықтан, бізге Ұлттық кітап баяндамасы керек. Ол жыл да шығу керек. Біз өсіп жатырмыз ба? Өшіп жатырмыз ба? Қай жерде келе жатырмыз? Әлемнің озық елдері мен қалған елдерін бір тізбекке салсақ, осының қазақ қай тұсында келе жатыр? Міне, осы мәселе өте өзекті», –  дейді ол.

Шыңғыс Мұқанның айтуынша, кітаптың арқасында қазір әлем өркениетті әлемде өмір сүріп жатыр. Сондықтан кітаптың қазіргі құндылығы ешқашан жойылмайды.

Нұркен Асанов ЭКСПО-ның маңайында палау пісіргенде жалпы халық құжынап кеткеніне куә болғанын айтып, «бұл аштықтан ба, әлде санасыздықтан ба?» деп сұрақ қойған. Екіншіден, осы «палау платформасын қалай кітапқа үйлестіре аламыз?» деп сауал тастады.

Нартай Сауданбекұлы ол үшін кітапты халыққа тегін тарату керек деп санайтынын жеткізді.

«Қазақты былай қойғанда адамзаттың психологиясында «тегін» деген нәрсеге үймелеу үдерісі бар. Бір нәрсе тегін болса, тегін болсын-болмасын бәрі жаппай соған жүгіреді. Ал біздің ұлтқа келсек, осындайда қатты айтатыным бар – кезіндегі Сталиннің қызыл террорынан кейін қазақта кілең құл-құтанның ұрпағы қалды. Тексіздің зардабын әлі көріп келе жатырмыз. Мүмкіндігі барлар шекара асып қашуға тырысты. Дегенмен тектілердің кейбіреулері қалды. Нарынқол жақта Мергенбай деген 20-25 жастағы жігіттерді асырып жіберген. Сол жақтағы шекараға шекарашыларды пулеметпен апарып, қашқан елді қырғызып, қайтадан үйіріп қойған жер бар. Сол кезде кетпей қалған тектілердің қаны қалған шығар. Ал негізінде сіздің сұрағыңыздың жауабын тексіздіктің төңірегінен іздеу керек шығар», –  дейді Нартай Сауданбекұлы.

Шыңғыс Мұқанның сөзінше, тектілікке жету үшін Мұса пайғамбардың 40 жыл бойы елмен бірге шөлейтте жүрген мысалды келтіреді. «Бізге бәлкім, сондай бір айналымдар жетпей жүрген шығар» дейді ол.

Бауы жоқ кілт тез жоғалады

Нұркен Асанов тектіліс мәселесіне келгенде отбасы, ошақ қасындағы сананы ояту керектігін айтады. Сөзінше, қазіргі қоғамда болып жатқан мәселелерге балалар кінәлі емес.

«Бауы жоқ кілт тез жоғалады дейді. Оның түсіп жоғалуы да, табылуы да қиын. Ал қазіргі жастар баусыз қалған кілт секілді. Бауы осы отырғандар, зиялылар шығар. Бірақ осыны ұлт болып ұйысып, отбасы, ошақ қасындағы мәселені реттемесек, сананы оятпасақ, қоғамдық сананы қалыптаспайды. Қоғамды қалыптастыратын – отбасы. Ал біз отырған жерімізде ішкен-жегенімізді, біреуді даттап қаралауды, ұстаздың мәртебесін жерге түсіруді әңгіме қылатын болсақ, ол ұрпақтан ертең Алаштың рухын, Әлиханның көсемдігін күтудің қажеті жоқ. Біз ашық тұрған қақпа сияқты, қаншама голды жіберіп қойдық. Сондықтан, сананы оятайықтан шаршамайық», –  дейді Нұркен Асанов.

Нартай Сауданбекұлы баласының кітапқұмар екенін баян етті. Сөзінше, Оруэлден бастап, әлемнің бүкіл бестселлерлерін оқитын балаға әкесі «алдымен сен ұлттық кітаптармен сусындап алшы» деп бағыт берген. Сол үшін Ілияс Есенберлиннің тарихи кітаптарын қолына ұстатқан.

«Содан кітапты оқып бітіріп, екеуміз сөзге келіп қалдық. Жабайы тілмен айтқан кезде «Кенесары қуа ма? Есі дұрыс па?» деді. Мен оған «қазақтың ұлы ханы, соңғы ханы туралы олай айтуға қақың жоқ, ешкімге айтқызбаймын» дедім. Ашуланып шығып, кешке қарай Дархан Қыдырәлі шайға шақырып қалды. Сол жерде пікірімді айтсам, «сіз балаңызға ренжімеңіз, қандай критикалық ойлау қабілеті бар бала, сіз оның шындығын көріңізші, ұлттық, патриоттықтың бәрін алып тастап, адам ретінде айтып тұрғанымен санасып көріңізші» деді. Шынымен ойланып, баламмен сөйлесіп, анализ жасадым. Әлбетте, Алты Алаштың бірі болған қырғыз жеріне баруы жайлы айтсақ, қырғыздың аты қырғыз ғой енді. Соған өзім деп барып, артық кеткен жерлері Кенесарының болса болған шығар. Осы жағынан келгенде біздің балалар оқымайды, қазақылықтан ада дегенде ерте үкім шығарып қояды екенбіз. Біз бауын үзіп алған екенбіз. Біз қашан баламен тілдестік? Біз бүкіл әлемнің жағдайын көрсететін смартфонмен жеке қалдырдық», –  дейді Нартай Сауданбекұлы.

Ұлттық құндылықтарды анықтап алуымыз керек

Шыңғыс Мұқанның сөзінше, қазіргі заманда құндылықтар өзгеріп кеткеніне әңгіме етті. 1917-1918 жылдары аталарымыз қазір бізбен сөйлессе, бізді түсінбеуі мүмкін деді. Сондықтан, қазақ қоғамы тәуелсіздік алғалы бері ешкім ұлы идеяны ортаға салған жоқтығын айтты.

«Соңғы 30-35 жылдағы саяси тарихты өзіңіз жақсы білесіз. Сондықтан, ол жоқ нәрсе. Бар қылу үшін не істеу керек? Әңгіме осында. Меніңше, кез келген идеология бір адамның жеке басын дәріптеуге емес, асыл азаматтың ойындағысын іске асыруға емес, халықтың өзі не қалайтынын, нені құнды ететінін айқындап, құндылықтарды анықтап алуымыз керек. Халыққа не құнды? Сол құнды дүниесін идеологияға айналдырған жөн! Әңгіме осында! Мен АҚШ-та екі жыл оқыдым. Маған қатты қызық болғаны – Америка халқының құндылығы. Олар нені құнды көреді? Саяси жүйе болса, оларға заңның үстемдігі – құндылық. Қазір Трамп ұйықтап тұрса, таңертең бір нәрсені ойлап табады. Ал қоғам оның айтқанын іске асыртпайды. Сөз бостандығы олар үшін жай сөз емес, сүйегіне сіңген құндылық. Оған қатысты саяси көзқарас дұрыс болмаса, халық оны орнына қояды. Сондықтан, ең алдымен құндылықтарды анықтап алу керек. Ол ойын ережесі сияқты. Футболда мәселен, 11 адам бір-біріне қарсы ойнайды. Доп ауып кетсе ысқырады. Ал төрешіні он мыңдаған адам бақылайды. Міне, сол сияқты құндылық деген – халықтың өмір сүретін ережесі. Демек ереже болғаннан кейін оған бәріне бағынуы керек», –  дейді Шыңғыс Мұқан.

Қоғамдық талқының көп болғаны жақсы

Нұркен Асанов өз кезегінде қазаққа қазір үлкен қауіп төндіріп тұрған кесел – жемқорлық деп санайтынын айтты. Әркім құлқынның соңынан кеткеннен кейін ертеңін ескеруді емес, өзімізді ескергеннен кейін езілім жүрміз бе деген ой туындайтынын жеткізді.

Нартай Сауданбекұлы кеңес өкіметі тұсында құндылықтардың өзгеруінің артында үлкен империялық пиғылдың жұмысы жатқанын атап өтті.

«Тәуелсіздік алғаннан кейін осы құндылықтарды неге жалғастырып жатырмыз деген сұрақ туындайды. Мысалы біз Ахмет Байтұрсынұлы жазып берген тарих төте жазумен жазылған. Әсіре адамдар оны арабша дейді. Тарихымыз қатталып, төте жазумен біраз тұрды. Енді сол төте жазуда жүрген халықты бір сәтте латын әліпбиіне ауыстырды. Мен қазір мемлекеттік тіл – қытай тілі деп жариялап жіберсем, екеуіңіз көрсоқыр надан болып шыға келесіздер. Сөйтті де, біздің тамырымыздан бір ажыратты да, араға көп уақыт салмай кирилл қарпіне ауыстырды. Бұл екінші мәселе. Біз Алаштардан қалған мұраны Әуезовті, кілең шоғырдың еңбектерін кирилл қарпімен жазып қойдық қой. Құдайға шүкір, білім базасы бар. Бірақ бізді латынға ауыстырып жатыр. Қаншалықты керек екенін бірде-бір саяси тұлға түсіндіріп берген жоқ. Не ұтатынымызды айтқан жоқ», –  дейді Сауданбекұлы.

Қазір Қазақстан халқының саны 20 млн адам. Шыңғыс Мұқанның сөзінше, мәдениет те, сана да тамақ ішіп, ауа жұтқаннан дамымайтынын айта келе мәдениет пен сананың қорегі ақпарат екенін түсіндірді. Сондықтан қоғамдық талқылаудың мәніне көбірек көңіл бөлуге шақырды.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →