×

Қолындағы кісенімен босанған Жансұлуға танымал адвокат тегін көмек көрсетпек

Қолындағы кісенімен босанған Жансұлуға танымал адвокат тегін көмек көрсетпек

Солтүстік Қазақстан облысында 35 жастағы Жансұлу Дархамбаеваның жүктілігіне қарамай, TikTok-та жариялаған жазбалары үшін қолына кісен салып соттап жібергені желіде қызу пікірталас тудырды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Оған жақында «ұлтаралық араздық қоздырды» деген айып тағылған. Сараптама оның видеолары «орыс ұлты өкілдерін қорлады» деп тапқан.

Жансұлу — Астана қаласының тумасы, мамандығы — мұғалім. TikTok желісіне 2024 жылдың қаңтарында орыс ұлтына қатысты бейәдеп, қорлайтын видеолар жүктеген. Сарапшылар бұл видеоларда ұлттық алауыздық белгілері, бір ұлтты екіншісінен жоғары қою, қорлау секілді мазмұн бар екенін растады.

Сотта Жансұлу кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады. Ол 2019 жылға дейін ауыл мектебінде мұғалім болғанын, кейін орыс ұлтты әріптестерінің жала жауып, жұмысынан кетуге мәжбүрлегенін айтты. 2024 жылы басқа ауылға көшіп, мектепке жұмысқа тұрған. Онда қазақ тілін енгізуге тырысқаны үшін қысым көргенін, кейін тағы жұмыстан кеткенін мәлімдеді.

Сот үкімі шыққан кезде келіншектің толғағы жетіп, әні-міні босануға дайын отырған. Соған қарамай,оны сот залында қамауға алып, Петропавлдағы тергеу изоляторына жіберген. Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов атындағы аудандық сот оны екі жылға бас бостандығынан айырған. Күні кеше Жансұлу дүниеге сәбиін әкелді.

Осы іске қатысты пікірлер шетелдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Ресейлік кей басылымдар Дархамбаеваның пікірін «русофобиялық сипаттағы арандатушылық» деп бағалап, Қазақстан сотының үкімін «сыртқы саяси тепе-теңдікті сақтау талпынысы» ретінде сипаттаған.

Қазақстанда Ұлықбек Есдәулет, Ұларбек Дәлейұлы бастаған ақындар, көптеген қоғам белсенділері Жансұлуға бостандық беру керектігін айтып, желіде қолдау көрсетіп жатыр. Адвокат Ардақ Батиева тегін заңгерлік көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Мен, адвокат Ардақ Батиева, қазір қамауда отырған жүкті (осыдан 1-2 күн бұрын сәбиін қолына алды) Жансұлуға тегін заңгерлік көмек көрсетемін.Жансұлу — қазақ елінің сөзін сөйлеп, мүддесін қорғаған, шын ниетімен халыққа қызмет етіп жүрген нағыз ұлт жанашыры. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта ол кішкентай сәбиімен қамауда отыр, жағдайы өте ауыр деген ақпараттар келіп жатыр. Әрине енді ғана дүниеге келген сәбиімен қоса айналасын күзетші қаптап тұрса, ана жүрегі тыныш емес болып отыр ғой. Жансұлудың тағдырына бей-жай қарамайтын барша ел азаматтарын бір сәт үнсіз қалмай, көмек қолын созуға шақырамын! – деді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →