Әрбір адам шамамен 500 мың теңгеден төлеген.
Айтыскер Балғынбек Имашевтың ұлынан қажылыққа жолдама сатып алдық деген тағы 40 шақты адам шу шығарды.
КТК мәліметінше, зардап шеккендердің бірі Берік Маржанов 19 сәуірде қажылыққа аттануы тиіс болғанын айтады. Алайда уәде етілген күннен бері не сапар болмаған, не ақшасы қайтпаған.
Жұмаға дейін қайтарамыз деді. Соңғы уәделері – Құрбан айтқа дейін. Компания директоры – Данияр Имашев , – дейді ол.
Әрбір адам шамамен 500 мың теңгеден төлеген. Барлық сомасы 20 миллион теңгеге жуық. Оларға Мекке мен Мәдинадағы үш және төрт жұлдызды қонақүйлер уәде етілген екен.
Сан соғып қалғандар компанияны әлеуметтік желі арқылы тапқан. Балғынбек Имашевтің өзі жарнамалаған соң, «имандай сендік» дейді. Ал қазір не өзі, не ұлы байланысқа шықпай отыр екен.
Журналистер қоңырау шалғанда да айтыскер сол күйі жауап бермеген. Еске салсақ, бұған дейін дәл осы компанияға алданған 50-ге тарта адам жаппай полицияға шағым түсіріп, іле-шала Данияр Имашев алған қаражатын қайтарып берген. Бұл жолы да зардап шеккендер полицияға жүгініп, алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалыпты.
Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес барлық тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Іс сотқа жіберіледі, – деді ол.