Қала маңындағы кәріз-тазарту жүйесі 100% тозған
Қонаев қаласының әкімі халықпен кездесу барысында 4-шағынауданның тұрғыны кешкі уақытта сасық иіс мүңкіп тұратынына шағымданды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айтуынша, мәселе бірнеше жыл бойы шешімін таппай келеді. Өткен кездесуде де осы проблема жайында айтылған.
Шаһар басшысы аталған көкейкесті сұраққа қанағаттанарлық жауап қайтарды.
«Қала маңындағы кәріз-тазарту жүйесі 100% тозған. Нысанды жаңарту мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асады. Қажетті құжаттар рәсімделуде. Жоба бойынша нысанды 18 шақырымға Қазақстан елдімекеніне қарай жылжыту көзделуде. Жоба құны 38 млрд. теңгені құрап отыр», – деді Асхат Бердіханов.
Сонымен қатар ол нысанның құрылысы 2 жылда аяқталады деп жоспарланып отырғанын да атап өтті.
«Мәселені шешу бағытында Алматы облысының әкімдігі, Қонаев қаласының әкімдігі де жұмыс жасауда. Алдағы уақытта мәслихат отырысы, жауапты салалық мекемелерден келісім алу секілді жоспарлы іс-шаралар бар. Қазіргі жағдай осы, түсіністікпен қарау қажет», – деді әкім.
Бұдан бөлек, жиында газ тарту, қоқыс контейнерлерін орнату, автотұрақ, аулаларды көгалдандыру секілді сұрақтар көтерілді.
Аулаларды көгалдандыру бойынша Асхат Бердіханов пәтер иелері кооперативтерін тұрғындармен етене қызмет етіп, тазалық сақтау, гүлдерді көптеп отырғызу мақсатында жұмыс істеуге шақырды.