Билет кассалары арқылы 9 балаға дейін билет рәсімдеуге болады
Әлеуметтік желіде Мейрамбек Пазылбеков есімді азамат Алматыдан Қызылордаға төрт баласымен әйелін пойызбен жібере алмай жатқанын айтты. Qaz365.kz тілшісі «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ компаниясынан бұл мәселенің жауабын сұрады.
- Қазақстан темір жолынан онлайн билет алайын десем қызық жағдай болды.Яғни 7-15 жас аралығындағы тек 3 балаға билет алуға ғана шектеу қойылған екен.Тегін емес, ақшасын төлеймін деп1433 колл орталығына хабарласқанда да осылай деп айтты. Бұл сонда үш баладан артық тумасын дегендері ме? Мұндай ережені кім шығарған? Осындай ереженің барын білгенде 3 баламен шектелер едік, – дейді желі қолданушысы.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ компаниясы не дейді?
Баспасөз қызметі ҚР көлік министрлігі бекіткен жолаушыларды тасымалдау қағидаларына сәйкес, кәмелетке толмаған балаларды ата-анасы немесе ресми қамқоршысы 9 балаға дейін топтық өтінімсіз ертіп жүруіне рұқсат етіледі деп отыр. Бірақ ол үшін билетті кассадан алу керек. Егер онлайн рәсімдесе, үш баладан артық алып жүре алмайды.
- Ал 10 және одан да көп бала тасымалданатын жағдайда, балалар тобына арнайы өтінім рәсімделуі қажет.Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда қолданылып отырған онлайн билет сату жүйесі бір тапсырыста 4 орыннан артық ресімдеуге мүмкіндік бермейді (яғни бір ересекке бір купеде 3 балаға дейін). Билет кассалары арқылы 9 балаға дейін билет рәсімдеуге болады. Мұндай жағдайда касса қызметкерлері ата-аналарға немесе ресми қамқоршыларға жол жүру кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету олардың толық дербес жауапкершілігі екенін жазбаша және ауызша түрде түсіндіреді, – делінген жауапта.