×

«Кейде баланы емес, әке-шешені емдеу керек». Психиатр жасөспірімдердің мәселесін айтты

«Психологтар анықтайды, ата-ана байқамайды»
 

«Кейде баланы емес, әке-шешені емдеу керек». Психиатр жасөспірімдердің мәселесін айтты
Коллаж Qaz365.kz

Қоғамда қазір жасөспірім өз-өзіне қол салса, бәрі дүрк көтеріліп, мектепті, мұғалімдерді айыптай жөнеледі. Ата-ананың рөлін екінші орынға ысырады. Алматы қаласындағы Психикалық сауықтыру орталығының балалар психиатры Әлия Мәкенова бұл түсінікті түбірімен қате деп есептейді. Жылдар бойы өз-өзіне қол салуға бейім жасөспірімдерді жеке қабылдап, емдеп келе жатқан дәрігер-маман Qaz365.kz тілшісіне сұхбат берді. Біз сұхбат барысында не себепті қоғамның осы бір дертіне жіті назар аударылуы керектігін саралап, жасөспірім балаларымызды қаншалықты дұрыс тәрбиелеп, бәле-жаладан сақтап жүрміз бе деген сұраққа жауап іздедік.
 
"Өз-өзіне қол салмақ болған қыз маған сырын айтты"
 
Әлия Мәкенованың айтуынша, суциалды жағдайларға адам кез келген себептерге байланысты барады. Оған көбінесе өз-өзіне қол салу ойы бар 14-15 жастағы жасөспірімдердің анасы қабылдауға келеді. Олардың бірі жайлы Мәкенова былай деді:

«Бір кісінің қызын суицид ойлары мазалайды екен. Кеңсе пышағымен өз-өзінің қолын тіледі. Қабылдау барысында анасын кабинеттен шығарып, екеуміз қалып сөйлестік. Сол кезде ол маған сырын айтты. 7-8 жасында үйіне ағасының досы келеді екен. Сол кезде ол жігіт сарайда кішкентай қызға зорлық жасаған. Жас бала ол кезде мұны айтуға қорыққан. «Айтып берсең, мен сені өлтіремін» деп қорқытып кеткен. Бір рет емес, бірнеше рет сондай эпизодтар қайталанған. Кейін қыз өсе келе оны не жағдай басынан өткенін түсіне бастайды. Өзі қазір намаз оқиды. Сосын өзіне деген жиіркеніш пайда болады. Соның салдарынан осындай ойлар мазалай бастаған», - дейді психиатр.

Психиатрға бұл жағдай жайлы баланың анасына айту қиынға түскен. Содан айтуға тура келген. Анасы ауыр қабылдапты. Бірақ қыздың өзі сол кезде тынышталған. Анасы білгеннен кейін ғана сөйлеп, ашыла бастаған.

Әлия Мәкенованың сөзінше, ата-аналар көбінесе балаларының уайымыне не себеп болғанын анықтамайды. Сол оқиғадан кейін қыз балаға зорлық жасаған жігіттің үстінен іс ашылмапты. Өйткені көп жыл өтіп кеткен. Ол кезде 12-13 жастағы жасөспірім болған зорлықшының қазір отбасы бар.
 
Кейде баланы емес, әке-шешені емдеу керек
 

Әлия Мәкенованың алдына тағы бір жасөспірім келіпті. Өте сымбатты, ойын анық жеткізетін жақсы жігіт екен. Анасы ол баланың өз-өзіне қол жұмсағысы келетінін айтқан. Оны қабылдағанда маман баланың әкесі ішкіш болғанын біледі. Үйде анасы мен әкесі күнде ұрсысады екен. Жас бала анасына «әкеме күнде ұрса бермеші, ішпеген сау кезде айт» десе, анасы баласына «ол ешқашан сау болмайды, күнде ішіп келеді, мен оған қашанғы айтамын» дейді екен. Бала әжесінің қасына тұрғысы келеді. Оны әке-шешесі жібермейді.

«Ол баланы да біз бақылауға алдық. Емделіп шықты. Бірақ ол қайтадан сол ортаға қайтып барды. Үйіндегі жағдай өзгерген жоқ. Өкініштісі, ол бір жылдан кейін қайтадан қайтып келді. Басқа дәрігерге барды. Әкесі бұрынғыдай іше берді. Анасы ұрса берді. Содан бала «Мен апамның қолына көшіп кеттім. Қазір сол кісімен тұрамын. Сол жағынан жеңіл болды. Сол жағдайдан кейін әке-шешесі рұқсат берді. Бірақ өздерінің өмір-салтында ештеңе өзгерген жоқ» деп жауап берген, - дейді Әлия Мәкенова.

Маманның сөзінше, балаға үйдегі жағдай жайлы болуы керек. Айтуынша, дәрігерлер қанша жерден емдесе де, дәрі берсе де, ең жақсы психолог, суицолог жұмыс істесе де, баланың негізгі тамырын, мәселесін табу керек. Әлия Мәкенова бұл жағдайда баланы ғана емес, әке-шешесін де емдеу керек деп санайды. Бірақ өкініштісі, әке-шешелер өздері де емделуі керектігін мойындамайды.
Әр бала алдына келгенде психолог мамандар олардың отбасындағы жағдайын зерттейді екен. Толық отбасынан ба, ажырасқан ба – қарайды. Кейбір отбасылар ажырасқанын жасырғысы келеді, бірақ онысы кейін бәрібір анықталады. Бірақ ажырасу баланы суицидке итермелейтін басты себеп деп тағы айтуға келмейді.

«Бірде қабылдауға тағы бір бала келді. Суицидке бейім. Ол әке-шешесі ажырасқанын қаламаған. Сол мәселе оны қатты мазалапты. Өмір сүргісі келмеді. Жасөспірім психикасы әрі әлсіз болады. Бірақ кейін әке-шешесі бес жылдан кейін қосылды», - дейді маман.

Қоғамда әке-шеше ажырасқанда көп жағдайда баласы анасымен қалады. Ал әкесі шеттетіледі. Арасында көрісіп, хабарласып тұратын шығар. Бірақ баланың өміріне араласпайды. Арасында алимент төлесе төледі, төлемесе төлемейтін жағдай да көп.

«Осындай оқиға болды. Әкесі үш жыл бойы қызымен тек видеоқоңырау арқылы хабарласқан. «Не үшін?»  деген кезде «басқа қалада тұрдым» деп айта салған. Әкесі екінші отбасы бар. Кейін қызының басына осындай жағдай түскен кезде әкесі біліп, Алматыға келеді. Менің көзімше қызын құшақтап «біз енді көрісіп тұрамыз, араласамыз» дейді. Екінші отбасы болған кезде қызғаныш пайда болады. Баланы осындай жағдайға жеткізбей үш жылда уақыт тауып, келуге болатын еді», - дейді Әлия Мәкенова.

Жасөспірімді қандай себептер суицидке итермелейді
 
Психиатр мамандардың алдына суицидке бейім жасөспірім келген кезде мамандар одан ойының себебін сұрай бастайды. Әлия Мәкенованың сөзінше, бірінші себеп – үйдегі жағдай. Тек қаржылық жағдай емес, әртүрлі отбасынан келетін балалар бар. Әке-шешесінің арасындағы қысымға көп бала шыдамайды. Кез-келген бала әкесі мен анасын бақытты болғанын көргісі келеді. Қанша жерден ақша беріп, спортқа, үйірмеге берсе де, араларында жайлы атмосфера болмаса, бала оны сезеді.
Мәкенованың айтуынша, екінші жағдай – буллинг. Кейбір бала өзіне дос таппайды, ортаға қосыла алмайды, қатарластарынан қысым көреді. Осындай жағдайға шыдамай, небір ойлар мазалайды.
Үшінші фактор – зорлыққа ұшырау. Әлия Мәкенованың алдына осыдан үш жыл бұрын әкесінен бірнеше жыл бойы зорлық-зомбылық көрген қыз келіпті. Зорлықшы әке өзімен бірге әлгі қыздың сіңлісіне де соны көрсеткен. Сіңлісі неврологиялық тұрғыда ауырған. Анасы емге алып кеткен кезде қызын әкесімен қалдырады. Қабылдауда анасы бүкіл шындықты кездейсоқ біліп қалады. Қазір әкесін түрмеге отырғызған. Қыз бала жылап, орталықта емделуден де бас тартқан.

«Қыз баланы суицид ойлар мазалаған. Депрессияға ұшыраған. Өмірге деген ешқандай қызығушылық танытпаған. Өйткені ол жылдар бойы зорлық-зомбылық көрген. Біздің қоғамда осындай мәселе бар. Бір қарасаң, жақсы отбасы. Бала біздің алдымызға келгеннен кейін ем-дом белгілейміз. Есепке бірден алмаймыз. Ол үшін баланы толық тексеру керек. Әке-шешесінің келісімі қажет», - дейді маман.

Баланың өз-өзіне қол салуға бейім екенін қалай білуге болады
 
Әлия Мәкенованың сөзінше, ең алдымен баланың мінез-құлқына көңіл бөлу керек. Әдетте, мұндайға бейім бала ешкіммен араласқысы келмей қалады. Бөлмесінен шықпай, достарымен араласқысы келмейді. Өзгере бастайды. Кейін баланың дене-бітіміне, қолдарына қарау керек. Көбінесе олар қолын кеседі. Тілімдер жасайды.

«Біз өте көп жасөспірім келеді. Аяқтарын, мойындарын тілгендер бар. Кейбір балалар күйзеліске ұшырайды. Осылай тілімдер жасап, өздерін жеңіл сезінгісі келеді. Кейбірі еліктейді. Көңіл аудартқысы, қатарының алды болғысы келеді. Суицид ойлар мазалайтын балалар міндетті түрде өзіне бірдеңе айтады. Көмек сұрайды. Әке-шешесі көңіл бөлу керек», - дейді психиатр.

Маманның сөзінше, ең әуелі баланың мінез-құлқының өзгерісіне қарау керек. Егер баланың көңіл-күйі ұзақ уақыт болмаса, оған назар аудару керек. Суицид ойлайтын балалар депрессия ауыр деңгейіне өтіп кетеді. Кейбіреулер тіпті өзіне назар аударту мақсатында қорқытады. Бұған немқұрайлы қарауға болмайды.

«Тағы бір жағдайды айтайын: бір баланың анасы бірінші күйеуінен ажырасып, екінші рет тұрмысқа шыққан, бала тапқан. Қыз жасөспірім еді. Отбасында келіспеушілік болған. Сол кезде қыз барып асылып қалмақ болған. Өзінің ауласына бара жатқанда анасы көріп қалады. Мойнындағы жіпті шешіп, ауруханаға апарып, кейін орталыққа әкелген. Жіптің ізі қалып, көзінің капиллярлары жарылып кеткен. Ата-ана мектептегі мұғалімдерді, психологтарды кінәләйді. Бірақ барлығы отбасынан басталады. Қазір бәрі телефон қарап отыр. Бір-бірімен сөйлеспейді. Көп отбасында сөйлесу жоқ. Бізді көбі жындыхана деп қабылдайды. Бірақ бұл – психикалық сауықтыру орталығы», - дейді маман.

Алматыдағы жасөспірімдер суициді: статистика нені көрсетеді

Әлия Мәкенова келтірген мәліметке сәйкес, Алматыда 2025 жылы суицидалды ойлармен келген науқас саны 4 айдың ішінде 309 болған. 2024 жылы бұл сан – 279 адам. Яғни, 10 пайызға көбейген. Егер жаспен алып қараса, 2025 жылы 14 жасқа дейін суициалды ойлармен келген жасөпірімдердің жасы 12 адам болса, 2024 жылы 8 адам болған. Ал келетін 15-17 жастағы жасөспірімдер азайған. Төрт айда 16 адам келсе, 2024 жылы 27 адам болған. 2024 жылы өз-өзіне қол салғандар тіркелмесе, 2025 жылы төрт айдың ішінде екі адам өзіне қол жұмсаған.
 
«Психологтар анықтайды, ата-ана байқамайды»
 
Орталықта сенім телефоны бар. Ол 24/7 жұмыс істейді. Кез келген уақытта хабарласуға болады. Орталыққа көбінесе әбден ширыққан адамдар қоңырау шалады. Сол кезде көмек көрсетіледі. Кейін тіркеліп, зерделеніп, арасында ерекше бақылауға алу қажет науқастар бөлек бақылауға алынады. Сенім телефонына 2025 жылы 2248 адам қоңырау шалған. 2024 жылы 1857 адам хабарласқан.

«Суицид ойлар мазалайтын адамдар көбейді. Өзіміздің орталығымызда онлайн консультацияны психолог-психотерапевтер жүргізеді. Кейін мектепте 4 айдың ішінде психологтармен 115 лекция оқытылды. Қаңтар мен ақпан айларында 42 семинар жүргізілді. Кейін қаңтар мен наурыз айларында біздің психологтар мектепте жиналыс жүргізді. Дөңгелек үстел ұйымдастырды. Қазіргі таңда психологтар өте жақсы жұмыс істейді. Көп жағдайда суициалды ойлары бар жасөспірімдерді ата-аналар емес, психологтар анықтайды. Мектепте балалармен сөйлеседі, тест береді. Ата-анасымен бірге психологтар келеді көбінесе. Психолог анықтады, анасы қарсы болды деген жағдайлар болды. Біз оларды шұғыл көмек деп қабылдаймыз», - дейді ол.

Әлия Мәкенованың сөзінше, орталыққа көбінесе аналар көп келеді. Бірақ жасөспірімдердің әкесімен келген кездері де бар. Кейде әкесі немесе анасы қарсы болатын жағдайлар кездеседі.

«Бізде стационардан шыққаннан кейін ұсыныстар беріледі. Кейін олар біздің емханада қалады. Бізге келіп тұрады. Ай сайын дәрінің дозасын қараймыз. Міндетті түрде дәріні көбейтпеңіз немесе азайтпаңыз деп айтамыз.  Бірақ көп ата-аналар 1-2 айда жақсарғанын көріп, көңіл-күйін тұрақталды деп дәріні алып тастайды. Кейін қайтадан симптомдар қайталануы мүмкін. Кез-келген дәрінің әсері болады. Сол үшін ауруханаға жатқызған кезде терапиялар жиынтығы көрсетіледі. Бір дәріні береді, қалай әсер ететінін көрсетеді. Кейін біз де қараймыз. Міндетті түрде дәрігер мен психиатр жасау керек. Өз бетінше алып тастамау керек», - дейді психиатр.

Маман тағы бір мәселеге назар аударады: қазір ұл балалар компьютерлік ойындарға кіріп кеткен. Өмірде дос таба алмайды. Ал ойындар агрессия туындатады. Тапсырма беретін ойындар шыққан. Жасөспірімнің психикасы әдетте, әлсіз келеді. Ойындар «мекенжайыңды біліп қоямыз» деп қорқытады. Телеграмм каналдар да көп. Бір жағдайда бір үлкен ер адам өзін қыз ретінде таныстырып, жасырынып, қыз арқылы сөйлескен. Сол үшін маман міндетті түрде баланың ұялы телефонын қарап тұруға кеңес береді.
Қоғамда суицид болса, міндетті түрде психологты кінәләйды. Бірақ Әлия Мәкенова мұны дұрыс деп есептемейді.

«Олардың алдында 30 адам отырады. Бірінші кезекте ата-анасы қарау керек. Олар «біз жұмыстамыз» дейді. Жұмыста болу деген жауапкершіліктен құтқармайды. Бала әке-шешесімен сөйлескісі келеді, тыңдағысы келмейді. Баланың үстінде тілінген жері болса, көңіл күйі өзгерсе, бөлмесінен шықпаса, ешкіммен араласпаса, оқу сабағы өзгеріп кетеді. Кейбір қыздар дене бітіміне өзгеріс жасайды. Шаштарын басқаша өзгертіп, қастарын алып тастап, анимеге еліктейді. Мұндайдың бәріне жіті мән беру керек», - деп түйді психиатр маман.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →