×

Тазалыққа тандем тың технология: «Астана Тазалықтың» жаңа бағыты

«The Telegraph» басылымы жариялаған әлемдегі ең таза қалалар қатарында елорда отызыншы орында

Тазалыққа тандем тың технология: «Астана Тазалықтың» жаңа бағыты
Сурет: "Астана Тазалық"

Елорда көшелерінен шуылдаған шаңсорғыштар өтсе, артынан тазалық пен тәртіптің ізі қалады. Бұрын адам күшімен ғана жүргізілген жұмыс қазір заманауи техникамен толыққан. Бұл – тек уақытқа үнем емес, болашақтың экологиялық мәдениеті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Астанада күн сайын 1500 тоннадан аса қоқыс шығарылып, қайта өңдеу зауытында сұрыптаудан өтеді. «The Telegraph» басылымы жариялаған әлемдегі ең таза қалалар қатарында елорда отызыншы орында.

Әрине, ол Қазақстанның экологиялық болашағы мен азаматтардың өмір сапасын арттыру мақсатында іске қосылған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының нәтижесі. Ауқымды жоба қоршаған ортаны қорғау шараларымен ғана шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық белсенділікті арттыру, сонымен қатар заманауи технологияларды енгізу арқылы тұрақты дамуға бағыт алған.

Технология демекші, қазір тазалық жұмысы бұрынғыдай қолға сыпырғыш, күрек алып, физикалық күш жұмсауды да қажет етпейді. Көше бойын сап түзеген тазалық машиналары – соның дәлелі. Бір ғана пультпен қашықтықтан басқарып, қаланың жинақы да, мұнтаздай таза әсемдігі үшін тер төгіп жүрген жетекші кәсіпорындардың бірі – «Астана Тазалық» компаниясы.

Акция

Шаңнан бұрын жететін шаңсорғыш

Қаланың жыл сайын қарқынды дамуы, тұрғын саны мен көлік тығыздығы – қоқыс пен шаңның көбеюіне себеп. Ал қолмен тазалау өнімділікті арттырмайды.

Қуаты 180-нен 210 а.к.-ға дейін жетіп, тіпті қарқынды жүктемелердің өзінде сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін гидравликалық бөлек сору турбинасымен жабдықталған шаңсорғыш «Таза Қазақстан» экобағдарламасы аясындағы жүйелі жұмысты мінсіз атқарып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл экономикалық әрі экологиялық жағынан да тиімді. Iveco маркалы шаңсорғыш көлігі – италиялық заманауи техника. Қаланың күре жолдарынан бастап, жаяу жүргіншілер жолын толық тазартады. Жанармайды үнемдейді әрі шу деңгейі төмен. Астананың супергеройына айналған жаңа техника – сыпырғыштың эволюциясы.

 Арнайы оқытылған мамандар

«Астана Тазалық» компаниясында техниканы пайдалану бөлімінің бас маманы Талғат Шуақовтың айтуынша, жылдар бойы жүргізілетін тазалық жұмысын дәл осы заманауи технология күші алмастырған.

«Астана көшелері таңмен бірге оянып, бір сәтке тыным таппайды десем, артық айтқандығым емес. Қаланың әр бұрышына жан бітіретін тазалықшыларымыз бен техникаларымыз шаһарға сән беруде. Сапалы жұмыс атқаруымыз үшін евростандартты дизельді қозғалтқышпен жабдықталған Iveco маркалы шаңсорғышын қолданамыз. Бұл техникамен кәсіпорнымыз «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдап, жұмыс тиімділігін арттырып келеді», – дейді ол.

«Күн сайынғы тазалық жұмысының жүктемесінен темір де тозар, техника қуаты қанша уақытқа жетеді?» деген сауалымызға бас маман Талғат Шуақов:

«Біздегі барлық гидравлика автоматтандырылған, шамадан тыс жүктеме болса, белгі беріледі. Техниканы сатып аларда тапсырыс берушіге қызметкерлерімізді нұсқаулықпен бірге оқытуды ұсынамыз. Кез келген саланы жылдар бойғы тәжірибесімен тиянақты әрі сапалы орындайтын маман ғана жандандырады. Ал біздің білікті де өз ісінің хас шеберлері сол сенім үдесінен толық шығып келеді», – дейді.

Таза Қазақстан үшін «Астана Тазалық» автоматтандырылған соңғы техникалармен бас қаланы тұтас қоғам мәдениетіне айналдыруды мақсат тұтқан. Техника маманының сөзіне сенсек, елорда тазалығы үшін мұндай шаңсорғыштар кемі 8 жылға дейін қызмет етуге дайын. Өңдеу жұмыстарының өзінде де күрделі жөндеу сирек болатын көрінеді.

«Бұл техникамызды көзіміздің қарашығындай сақтап, күтіп ұстаймыз. Себебі ол бізге ұзақ жылдар сапалы жұмыс істеуіміз үшін қажет. Көбінде шлангтар, инжекторлар мен тығыздағыш бөлшектерді ауыстыруға тура келеді. Бас қаламыздың моторы болған бұл техника – жазда шаңсорғыш, ал қыста – қар тазалауға пайдаланылады. Көшелер, тротуарлар мен қоғамдық орындардағы шаң мен ұсақ қоқыстарды жоғары сору қуатымен ерекшеленеді», – дейді ол.

Тазалық – трендтен биік

Аталмыш жоба экология, урбанистика саласындағы реформалар мен өзекті мәселелерді біржолға қойып, тұрғындардың экосанасын нығайта түседі. Экобағдарламаның жүзеге асуына мұрындық болған ел Президенті Қ.Тоқаев әлемнің озық елдеріндегідей тазалыққа жету үшін жүйелі жұмыстан қашпай, қоғам мәдениетін қалыптастыруға үндейді. «Таза Қазақстан» экофестивалінде белсенділермен бірге ағаш еккен ол:

«Баршамызды табиғатты қорғау идеясы біріктіреді. Себебі тазалық – әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан» – бір күндік науқан емес, бұл біздің өмір салтымыз» деп талай жасқа өнеге бола білді.

Техникаға түскен тағылым

Қоғамдық пікірді ескеріп, тұрғындармен тұрақты диалог орнату мақсатында түрлі акциялар, ақпараттық науқандар ұйымдастыратын «Астана Тазалық» – «Таза Қазақстан» бағдарламасының кеңінен жайылуы мен елорданың еліміздің өзге де өңірлеріне үлгі болуына күш салуда.

 «Қала тазалығы мен экологиялық ахуалды жақсартуға ойшылдардың нақыл сөздерін тазарту құралына жапсырып, тұрғындардан кері байланыс алудамыз. Биыл А.Құнанбаевтың 180 жылдығы, Б.Момышұлының 115 жылдығы, Қ.Мырзалиевтің 90 жылдығына орай зиялыларымыздың пәлсапаға толы даналығын қалың жұртшылық назарына ұсынып отырмыз. Мәселен, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген Бауыржан атамыздың сөзі санаға сілкініс әкеледі. «Тазалық – тәнге керек, тәртіп – елге керек, тәрбиесіз өскен ұл, халқына тек керексіз жүк» деген Қ.Мырзалиевтің осы бір пәрменді сөзі елдің намысын оятып, рухын жігерлендіреді. Сол секілді хәкім Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген сынды ар-ұят пен ұқыптылыққа қатысты айтқан кесек-кесек салмақты ойларын қоғамдық тәртіпке шақыруда өнеге қылып алдық», – дейді Өндірістік-техника бөлімінің жетекшісі Ержан Айтмаханұлы.

«Біз үшін қоқыс – жау емес, күнделікті шайқас»

«Тұрақты әрі жүйелі жасалатын мониторинг шаһардың ахуалынан хабар береді. Тазалықшылардың еңбегі орасан. Таңнан кешке дейін үш ауысыммен елорданың әсемдігі сақталып тұр. Тек тұрғындар еңбекті еш етпесе дейміз. Сол үшін де тазалықшылардың да, арнайы техникаларымыздың да жұмыс барысын жиі көрсетеміз. Қыста қардан тазарту, көктемде еріген қардан шыққан қоқыстарды жинау, жаз мезгілінде қаланы шаң-тозаңнан арылту, күзде жапырақ үйінділерімен күресу – басты жұмысымыз. Қазір техникалық жаңарту бойынша алған шаңсорғыштарымыз айтарлықтай жұмыс күшін жеңілдетті. Біз үшін қоқыс – жау емес, күнделікті шайқас. Себебі сол арқылы қаланың тынысын тазартамыз», – дейді жетекші маман.

«Жұмысшы мамандар елеусіз қалмауы керек!»

«Экологиялық металлургия қауымдастығының» басшысы, «Байтақ» жасылдар партиясының экология мәселелері және жасыл экономика жөніндегі кеңесшісі, эколог Азамат Аяйбергеновтің айтуынша, қазір тазалықпен айналысатын жұмысшы мамандардың еңбегі лайықты бағаланып жатқан жоқ.

«Тазалық компаниялары мен қызметкерлерінің еңбегі орасан. Олар басқалардың тастаған қоқысын жинап, міндеттерін адал әрі артығымен атқарады. Осы салада жан бағып жүрген қарапайым жұмысшылардың еңбегі еш кетпеуге тиіс. Ынталандыру, жалақыларын өсіру, тек мейрамда ғана емес, үздік қызметкерлерге арнайы датаны күтпей премия беру, сыйлық жасау, қызметтік киімдермен толық қамтамасыз ету қажет. Ол үшін өздеріңіз секілді БАҚ өкілдерінің именіп жүріп игілік көрген жандардың жұмысын жарыса жазып, телеарналар мен радиолар да репортаж жасап, хабар таратуы – басты міндеті».

Саннан сапаға

Еске сала кетсек, қалада 600-ге жуық арнайы техника мен 2000-нан аса қызметкерді жұмыспен қамтамасыз етіп отырған «Астана Тазалық» мекемесі таяуда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясында да белсенділік танытты. Еліміз бойынша 4 миллионнан аса еріктілер 4,5 миллион көшет отырғызып, 1,5 млн тоннадан аса қоқыс шығарды.

Аталмыш ірі кәсіпорын 200-ден астам көше тазалығы мен Астана қаласының 40%-ына жауап береді. Оның ішінде Сарайшық, Нұра, Есіл, Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы секілді 6 аудан бойынша жұмыс істейді. Маусымдық және күнделікті тазалық жұмыстары бойынша 24/7 қызмет қылатын мекеме – бүгінде қаланың бас санитарына айналған.

«Қызметіміз күн сайын тазалықпен байланысты болғандықтан, осы саладағы заманауи техникалармен жұмыс істеуді мақсат тұттық. Сәйкесінше, тазалықшыларымызды жаңа технологияға бейімдеу, кәсіби дағдыларын арттыру үшін арнайы оқыту курстары мен семинарларды жиі ұйымдастырамыз. Қазір қалада экологиялық көрсеткіш бойынша ауа сапасы мен санитарлық жағдайы жақсарғанын мақтанышпен айта аламын. Енді әр аудан бойынша техникалар санын арттырып, сапаны жақсарта түсуіміз керек», – дейді Ержан Айтмаханұлы.

Экологтар не дейді?

 «Қазір елорданың тазалығы жыл сайын жақсарып келеді. Сапаны арттыра түсу үшін заманауи техника санын көбейту керек-ақ. Мысалы, ірілі-ұсақ қоқысты жинайтын шаңсорғыштар, көше жуатын машиналар мен қар тазалайтын көліктер тек елордаға ғана емес, еліміздің барлық өңірлеріне қажет. Сәйкесінше сол техникаларды басқаратын мамандар штатын кеңейтіп, қоқыс жәшіктерінің санын да арттыруымыз керек. Себебі қоқыс сұрыптауда арнайы контейнерлерді пайдаланатын тұрғындар саны өте аз. Бұл әлі де болса, экомәдениетті түсінбейтін тұрғындардың барын білдіреді», – дейді «Экологиялық металлургия қауымдастығының» басшысы, «Байтақ» жасылдар партиясының экология мәселелері және жасыл экономика жөніндегі кеңесшісі,  эколог Азамат Аяйбергенов.

Сұрыптай білмесең, қоқыс сені сұрыптайды

«Тәжірибешіл экологтар қауымдастығының» төрайымы Лаура Маликова:

«2018 жылы коммуналдық қалдықтарды бөліп жинау жүйесін пилоттық негізде сұрыптау Астана қаласынан бастау алды. Сол жылдардан бері күні бүгінге дейін халық арасында қаншама экологиялық акциялар, ақпараттық ағарту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл жағынан Астана тұрғындары басқа өңірлерге қарағанда алда деуге болады. Себебі қарапайым ғана сары түсті контейнерлерге қаптамаларды, ал жасыл түсті контейнерлер – тамақ қалдықтары үшін деп белгіленгенін ажырата алады. Бұл тазалықшылардың да жұмысын жеңілдетері сөзсіз. «Астана Тазалық» ЖШС санитарлық тазалықпен айналысады. Көшелер тазалығы әлдеқайда жақсы. Өткен жылы іссапармен АҚШ-қа барып, жалпы еліміздің тазалық жағынан артта қалмағанына көзім жетті. Соңғы жылдары экомәдениет жағынан да тұрғындардың ақпараттық сауаттылығы артқан. Алайда әлі де болса, кемшін тұстар жоқ емес. Мысалы, елорданың бірнеше аудандарында, Есіл жағасында, саябақтар мен қоғамдық орындарында контейнерлердің түсі, формасы, дизайны біртекті емес. Стандарт бойынша сары және жасыл түсті болуы керек, бірақ кейбір жерлерде көк, қара, сұр не одан да басқа әртүрлі түстегі тіпті үсті ашық контейнерлер де кездеседі. Бір қалада тек біртүсті таңбалау белгісі болуын елорданың өзге аудандары ескереді деп сенемін. Әрине, ол үшін халық арасында ақпараттық ағарту жұмыстары бойынша үкіметтік емес ұйымдар, сіз бен біз секілді осы саладағы белсенділер жұмыла кірісуі қажет».

Еске сала кетсек, өткен жылы 320 мың тонна қоқыс сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілген. Алайда бұл өсім артпау үшін қайтпек керек?

Қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының мәліметінше, өткен жылдың ортасынан бастап, қалдықтарды шығару тәртібі қайта қаралған. Арнайы «Waste Management» ақпараттық жүйесі арқылы қаланың барлық контейнерлік алаңы бейнеленген цифрлық карта жасалған. Бұдан бөлек қоқыс таситын көлікке орнатылған GPS навигаторлар техника қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Басқарма басшысы Дәулет Досқұловтың сөзінше, елордада қалдықтар көлемі бойынша жүргізілген жұмыстың 85 пайызы толық орындалған.

Қаланың «өкпесі» ластанса, халықтың да өкпесі қысылады

Unicef халықаралық ұйымы Орталық Азиядағы ауа ластануынан 6 мыңға жуық бала көз жұматынын жариялаған болатын. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі тарапындағы ғылыми институт та жоққа шығармайды. Ресми дерекке зер салсақ, соңғы жылдары елімізде қант диабеті, тыныс жолдары ауруы, тромб түзілісі бар науқастар саны артқан. Бұл жөнінде эколог Азамат Аяйбергенов:

«Жасыратыны жоқ, қазір демікпе, бронхит сияқты аурулар жасарып барады. Ауада қалқып ұшатын микробөлшектердің салдары, ірі кәсіпорын зауыттардың зиянды шығарындылары, атмосферадағы аномалия бәрі де – адамның ұзақ өмір сүру сапасын төмендетеді. Ал оның қарапайым ғана шешімі оттегі бөліп, фотосинтез жүретін жасыл желектер мен көшеттер, гүлзарлар санын көбейту. Елімізде иммундық жүйесі әлсіз азаматтар мен азаматшалар саны артқан сайын, бұл мемлекетке де экономикалық жағынан тиімсіз. Себебі денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығындар артады. Саламатты Қазақстанда сау ұрпақ болу керек. «Таза Қазақстанның болашағы үшін қоғам біріккенде ғана нәтиже болады», – дейді ол.

Экологтың айтуынша, қоқыстардың уақытында жиналмауынан ауада көзге көрінбейтін микробөлшектер көбейеді. «Ол микроб емес, бірақ одан да қауіпті» дейді маман.

Тұрғындар не дейді?

Шынар Ислам, қала тұрғыны:

Астанада жерге қоқыс тастаудан ұялу – жаңа трендке айналуы керек. Қазір қоқысыңды қалтаңа салып, үйіңе апару – нағыз мәдениеттің белгісі деп ойлаймын».

Елорда тұрғындарына «Астана несімен ұнайды?» деген сауал жолдадық. Сауалнамызға қатысқандардың 80 пайызы «жәй ғана мұнтаздай тазалығы мен салқын ауасы үшін» деп жауап берді. Қысқа ғана диалогтан тұрғындардың қаланы мақтан көретіні байқалады. Көліктер легі, шаң көтерілген көше, күл-қоқысқа толы аула... Бұл бүгінгі Астана туралы емес!

Мадина Дәрібаева, қала тұрғыны:

Бұрын қоқыс жәшігін іздеп жүретінбіз, қазір олар бізді іздеп жүргендей көрінеді.(Күлді). Бір көшеде үш бірдей қоқыс жәшігі қаз-қатар тұр. Мемлекет басшысы бекіткен қандай да бір жобаларды орындау жағынан елорда бастамашы екені ешкімге жасырын емес. Таза Қазақстан үшін біз де отбасымызбен экологиялық талаптарды берік ұстанамыз».

Селфилетпе, сыпыр – шын белсенді сол!

Ақжарқын Тарихқызы, қала тұрғыны:

«Көшелерде тазалықшыларды көрсем, қаржылай қолдау білдіруге тырысамын. Себебі қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында далада жүріп, тазалық жұмысын жүргізу – кез келгеннің қолынан келетін іс емес. Бүгінде қоқыс толы көшелерді әлеуметтік желіге жүктеп, арызданғыштар мен сенбілікке шықса жарияға жар салатындар көбейді. Үнсіз ғана азаматтық борышын басқаша да орындауға болар еді деп ойлаймын».

Күн сайын таңмен таласа тұрып, қолына сыпырғышын алған тазалық қызметкерлерінің бірі: «Тазалық – біз үшін жай жұмыс емес, қалаға деген құрмет», – дейді ұжымдағы әріптестерінің атынан.

Көше тазалығына жауапты маманның айтуынша, елордада тәртіп пен тазалықты әр тұрғын өзінен бастауы қажет.

Қоқысты ғана емес, санамызды да сұрыптайық!

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын елімізде 5 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарындылары түседі. Ал оның 20 пайызы ғана еліміздің кейбір өңірлерінде қайта өңделеді. Бұл – күн тәртібіндегі күрделі мәселе. Оны жасыл экономикаға көшу, экологиялық таза, сапалы технологияларды қолдану арқылы қалдықтарды өңдеу деңгейін кемі 40 пайызға дейін ұлғайтуымыз қажет. Осы мәселе бойынша тілдескен экологтардың басым көпшілігі үнемі бұл тақырыпты көтеріп жүргендерін айтқан еді.

 Дәл осы мақсатта халық игілігі үшін еңбек етіп, жоғарғы технология мен адал жұмыстың симфониясы болған «Астана Тазалық» – тазалықты түлетіп, шаңсыз шаһарға жаңа тыныс берген ұжым. Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында таза Қазақстан үшін жанкешті еңбек еткен ірі кәсіпорынның көрінбейтін қаһармандары қаланы экологиялық жаңа кезеңге дайындауда.

PS.S: Таза Қазақстан үшін күрес – әр тұрғынның «эко-экзамені» іспетті. Бір ғана менің әрекетімнен не өзгереді демей, бір таза көшенің сәніне үлес қосу – өз қолымызда!

  Заманауи техника мен саналы еңбек тазалыққа тың серпін беріп, бас қаланы әлем елдерінің үзік үштігіне кіргізеді деп сенеміз. Ол үшін тұрғындар тарапынан қолдау ретінде қоқысты сұрыптау мәдениеті қалыптасып, «мектептер мен жоғары оқу орындарында экосағаттар көлемі артса, қоқыс теріп, қалдық жинауды жиреніш көрмей, құлшына кіріссе, экологияға үлес қоса отырып, мол табыс табатын бірегей мүмкіндікке ие болса...» деген ұсыныс тілек қана бар. Себебі елорда – тек таза қала емес, таза ниеттілердің де мекені болуға тиіс!

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
«Мұқағали Мақатаев – сорлы еркек» деген блогер ақынның ұлына ақша беріп құтылды
Кеше, 17:01

«Мұқағали Мақатаев – сорлы еркек» деген блогер ақынның ұлына ақша беріп құтылды

Сот екі жақтың өзара келісімге келуіне байланысты істі тоқтатып, Теменовты қылмыстық жауапкершіліктен босатты.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →