Қазақстан Үкіметі 2025 жылдың көктеміне қарай киіктер санын реттеу мәселесін қайта қарастырған
Ақмола облысы Қорғалжын ауданынан хабарласқан фермерлер киіктердің егін даласын отап кетіп жатқанына шағымданып, жан айқайын жеткізді. Олар өз алқабын қорғау үшін бір-бір көлік, мотоциклге мініп, түз тағыларын қуып, алыстата алмай жүр, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Фермерлердің шағымы
Саят есімді фермер жыл сайын Қорғалжын ауданында бидай егеді. Нәпақасын содан тауып отыр. Бірақ биыл табыссыз қалатын түрі бар.
«Мен жыл да бидай егемін. Киіктер біздің бидай алқабына келіп, отап кетіп жатыр. Саны өте көп. 5 мың га бидай жалпы алқаптың 2 мың гектары менікі. Шетінен кіріп, жеп кетті. Не істерімізді білмейміз. Неше күнннен бері қуып, шығара алмай жүрміз. Бізден қорықса ғой. Жанымызда инспекторлар жүр. Біздің атқанымызды күтіп тұрғандай. Бірақ біз аспанға атып, киіктерді қорқытып, қуғымыз келеді. Одан қорқатын түрі жоқ», – дейді ол.
Саят дәлел ретінде редакцияға киіктерді қалай қуып жүргені түсірілген бірнеше видеоны жолдады.
Министрдің сөзі
18 маусымда Tiek арнасына сұхбат берген Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев ғалымдардың ресми түрде берген есебіне сәйкес, елде 3 млн 978 мың бас киік бары анықталғанын айтты.
«Біз әзірлік жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Батыс Қазақстан жағынан биыл арыз жоқ. Себебі биыл 600-ден астам адамды, 300-ден астам техниканы жұмылдырып, бүкіл диқандармен қорғау жұмыстарын жүргізудің арқасында Батыс Қазақстан облысында шештім. Қазір Қостанайда шығып жатыр. Ақмола облысындағы киіктер көктемде төлдегенде Атбасар маңайында жүр. Әзірге бәрі Қарағанды жаққа кетті дейді», - дейді Нысанбаев.
Нысанбаевпен фермерлер келіспейді
Министрдің бұл сөзімен фермерлер келіспейді. «Қайдағы кеткен? Киік кетті дей ме? Керісінше, бізге сол жақтан келіп жатыр. Қорғалжында егіні барлап мотоцикл сатып алып, қуып шығара алмай жүр» дейді олар.
Киік санын реттеу
Қазақстан Үкіметі 2025 жылдың көктеміне қарай киіктер санын реттеу мәселесін қайта қарастырған. 28 мамырда қабылданған шешім жергілікті фермерлер мен экология саласының мүддесін теңестіруге бағытталды, себебі киіктердің саны 4 миллионға дейін өскен.
Министр Ерлан Нысанбаевтың мәлімдеуінше, киіктерді басқарудың екі жолы қарастырылған: арнайы қоршаулармен бақылауда ұстау немесе рұқсатпен ату. Ғылыми негіздеме дайын болғаннан кейін, биологиялық қауіпсіздік тұрғысынан шешім қабылданады. Яғни, әзірге ешқандай шешім жоқ.