Әлеуметтік желіде SCAT әуе компаниясының ұшағы Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа қарамастан, Иранның үстінен ұшып өтті деген ақпарат кең тарады. Осыған қатысты factcheck.kz талдау жасады, деп хабарлайды Qaz365.kz
Желідегі жазба авторлары ұшақтардың нақты уақыттағы қозғалысын көрсететін Flightradar24 сервисінен алынған скриншоттар мен кадрларды негізге алған.
Кейбір жазбаларда SCAT ұшағы Иранның әуе кеңістігін кесіп өтті делінсе, енді бірінде бұл компания Қазақстан азаматтарын тікелей Ираннан эвакуациялады деген мәлімет тараған (1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 14). Ақпараттың кең тарағаны сонша, SCAT ұшқыштарының Иранға ұшып барып, соғысты өз көзімен көргені туралы жасанды интеллект арқылы жасалған видеолар да пайда болды.
Factcheck.kz редакциясы бұл ақпараттың қаншалықты рас екенін тексеріп көрді.
Үкім: Фейк
SCAT Airlines бұл ақпаратты әлеуметтік желілерде ресми түрде жоққа шығарды. Компания өкілдері рейстердің бағыты өзгертілгенін және «жабық аймақтарды» айналып ұшатынын мәлімдеді. Flightradar24 сервисінде Иран аумағының үстінен ұшып бара жатқан деп көрсетілген және желідегі жазбаларда аталған ұшақ – SCAT компаниясына емес, Иранның жекеменшік Mahan Air әуе компаниясына тиесілі.
Тағы бір қақтығыс кезеңі басталған 13 маусымда Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі отандық әуе компанияларға Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан елдерінің үстінен ұшуға тыйым салған-ды.
20 маусым күні SCAT Airlines Threads, Instagram және Facebook желілеріндегі ресми парақшаларында «қазіргі шектеулерге байланысты рейстер бағыты өзгертілгенін» еске салған жазба жариялады.
Қауіпсіздік мақсатында «жабық аймақтардан» айналып өтетін балама маршруттар қолданылып жатыр.
SCAT Airlines өкілдері Facebook пен Threads желілерінде қолданушылар жазған «SCAT ұшағы Иранның үстінен ұшты» деген пікірлерді де ресми түрде теріске шығарды. Компания бұл мәліметтің жалған екенін атап өтті. Дәл осы туралы ақпаратты SCAT өкілдері Tengrinews.kz редакциясына да растаған.