×

"Қаңтарда әуежайды басып алу" ісі: айыпталушылар тағылған кінәні мойындамады

Бұл іске қатысты 5 адам айыпталып отыр

"Қаңтарда әуежайды басып алу" ісі: айыпталушылар тағылған кінәні мойындамады
RFE/RL / Assautayeva Manshuk

Алматының Наурызбай аудандық сотында былтырғы қаңтар оқиғасы кезінде "әуежайды басып алу" ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Азаттыққа сілтеме жасап.

Бұл іске қатысты белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісовтен бөлек тағы үш адам – Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жан-Айдар Кәрменовтер айыпталып отыр.

Әйгерім Тілеужаннан өзге төрт айыпталушы былтыр көктемнен бері қамауда, ал Тілеужан – үйқамақта. Судья келмей тұрып, айыпталушылар тағылған айыпты мойындамайтынын айтты.

“Маған тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспеймін. Бұлардың барлығы жалған. Тіпті куәгерлердің де куәлігі қандай жолмен алынғанын білеміз”, – деді айыпталушылардың бірі Қалас Нұрпейісов.

Айыпталушы Нұрлан Дәлібаев болса, іске қатысты куәгерлердің бірде-бірімен беттестіру болмағанын айтты.

“Біз жүрген жерімізде ештеңені қиратып, я болмаса мемлекеттік нысанға зиян келтірген жоқпыз. Әуежайға кіргеніміз рас, білместікпен кірдік. Себебі, Қазақстанға Ресей әскері келіп, халықты қырады деген соң бардық, арам ойымыз болған жоқ”, – дейді Нұрлан Дәлібаев.

Ал жасы елуден асқан Ермұхамет Шилібаев мүгедектігі бар екенін, әуежай ғимаратын басып алмай, керісінше, оны бұзақылардан сақтап қалғанын айтты.

“Ештеңе қиратқан да, алған да жоқпын. Керісінше, бір ғимаратты аман алып қалдым десем де болады. Келе жатқан топты тоқтатып, "мыналарға тиіспеңдер, мынау – ертең бізге қызмет ететін жер, мұны қиратпаңдар" деп, аман алып қалғаным үшін жазықты болып отырмын. Баскесер не ұры-қары болып, біреудің бірдеңесін ұрласам, өкінбейтін едім”, – деді Ермұхамет Шилібаев.

Айыпталушы Жан-Айдар Кәрменов те айыбын мойындамайтынын айтты. Белсенді Әйгерім Тілеужан да бұған дейін өзіне тағылған айыппен келіспейтінін бірнеше рет мәлімдеген.

Бүгінгі сотқа айыпталушылардың елуге жуық жақыны мен қолдаушысы келді. Алайда судья Маратбек Кәкімжанов бүгін тек алдын ала тыңдау болатынын, онда алғашқы соттың қашан өтетіні, айыпталушылардың бұлтартпау шарасы мен соттың құрамына қатысты мәселелер қаралатынын айтып, залға тек процеске қатысы бар адамдар мен журналистерді кіргізді.

Ішке кірмей қалған адамдар ғимарат алдында наразылық білдіріп, "Бостандық!", "Ашық сот!" деп ұрандатып, ұзақ тұрды. Оларға адвокаттардың бірі шығып, жағдайды түсіндірмек болды, алайда наразыларды бұл жайт қанағаттандырмады.

Алдын ала тыңдау кезінде судья тараптардың өтініштерін тыңдады. Қамауда отырған төрт айыпталушының адвокаттары олардың бұлтартпау шарасын өзгертіп, үйқамаққа жіберуді, қатысушылардың барлығы қазақтілді болғандықтан процесті қазақ тілінде өткізуді және сотты алқа билердің қатысуымен өткізуді сұрады. Прокурорлар шағымды қанағаттандыруға негіз жоғын айтты.

Судья екі сағат үзіліс жариялап, кейін айыпталушылар мен олардың адвокаттарының өтініші қанағаттандырылмайтынын айтты. Ал негізгі сот отырысын 30 наурыз күнінен белгіледі.

Қалас Нұрпейісов – 43 жастағы алматық мұғалім. Ол 2019 жылы билікке қарсы жаппай наразылық басталғанда саяси пікір айтып, азаматтық көзқарасын білдірген. Сол оқиғадан соң мектептегі жұмысынан шығып қалған.

Қалас Нұрпейісовке қаңтар оқиғасынан кейін төрт бап бойынша айып тағылған: оның екеуі ("тонау" және "автокөлікті иеленіп алу") амнистиямен қысқаруы тиіс. Ал "жаппай тәртіпсіздік" және "ғимаратқа басып кіру" баптары амнистияға ілінбейді. Бас прокуратура таратқан мәліметте "Нұрпейісов Алматы әуежайына және "Қазаэронавигация" ғимаратына шабуыл жасады, оны басып алды" делінген. Бас прокуратураның дерегінше, шабуыл салдарынан Алматы әуежайы мен әуе компанияларына 6,1 миллиард теңге, кәсіпкерлерге 414,1 миллион теңге залал келген.

Биыл 5 қаңтарда өткен Парламенттегі жиында Бас прокурор Берік Асылов "Діни экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Қалас Нұрпейісов пен Әйгерім Тілеужан Алматы әуежайын басып алған" деп мәлімдеді. Адвокат Абзал Айдарханов Бас прокурор осы сөзімен Қалас Нұрпейісовтің конституциялық құқығы – кінәсіздік презумпциясын бұзды деп есептейді.

Журналист Әйгерім Тілеужан былтыр, 2022 жылы қараша айында қаңтар оқиғасына байланысты күдікті ретінде сот шешімімен үйқамаққа алынған. Бірнеше ай бойы оны "Алматы әуежайын бас алмақ болғандар ісі бойынша" қылмыстық іске куәгер ретінде тартып, кейін күдікті санатына ауыстырған.

Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханның сөзінше, оны "жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деудің қисыны жоқ. "Өйткені ол Алматыда қаңтар оқиғасы басталар алдында әкімшілік жазамен қамауда отырған.

Әйгерім Тілеужан 19 наурызда өтетін Мәжіліс сайлауына үміткер ретінде тіркеліп, кандидаттығынан екі мәрте айырылған. Сайлау комиссиясы алдымен оның сайлау жарнасын төлегеніне күмән келтірсе, екінші рет 11 наурызда "табыс декларациясындағы мәліметтері қате" деген себеппен кандидат куәлігінен айырылды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Астанадағы Sensata құрылыс компаниясы Бишімбаев пен серіктестеріне тиесілі ме?
Бүгін, 16:01

Астанадағы Sensata құрылыс компаниясы Бишімбаев пен серіктестеріне тиесілі ме?

Sensata – премиум, бизнес және жайлы санатта Астанада тұрғын үй салатын ірі компанияның бірі
Жалпы елде 16 есірткі зертханасы анықталды
Елдегі патриоттық ұстанымның негізі мен құрылымы қандай
Сот отырсында марқұмның ағасы қарындасының зорлық-зомбылық көрген сәтінің суретін көрсетті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →