Тексеру барысында оң өзгерістермен қатар, шешуін күткен түйткілді мәселелер де анықталған
Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов Сайран көлін қайта жаңғырту жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуын қадағалау мақсатында нысан басында көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиынға мердігер мекеменің, аудан әкімдіктерінің, коммуналдық қызметтердің, полицияның, ТЖД және өзге де тиісті ұйымдардың өкілдері қатысты.
Олжас Смағұлов көгалдандыру, көркейту, инженерлік және санитарлық инфрақұрылым бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты.
Тексеру барысында оң өзгерістермен қатар, шешуін күткен түйткілді мәселелер де анықталды.
Алдағы күндері суару жүйесін орнату жұмыстары аяқталып, мердігер мекеме ауқымды көгал егу, көпжылдық бұталар мен сәндік гүлдер отырғызу жұмыстарына кіріседі.
Сонымен қатар, көркейту аясында бірқатар маңызды іс-шара жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, алдағы уақытта кіреберіс алаңдарға төрт пандус пен жедел саты орнатылады, кеспе тас төсеу жұмыстары аяқталып, көлбеу жерлерді бекіту, жаңбыр суын ағызу жүйесін құру, ағаштарға жарық шамдарын орнату және көше шамдарын орнату жұмыстары жалғасады. Бұған қоса, қосымша 130 қоқыс жәшігі қойылып, тазалыққа жауапты қызметкерлердің саны артады. Санитарлық тәртіпті бұзғандарға айыппұл салынады.
Көл аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 210 бейнебақылау камерасын орнатылады (қазір 47 камера жұмыс істеп тұр). Бұл камералар ТЖД жүйелерімен біріктіріліп, су айдынында болуы мүмкін оқыс оқиғаларды дер кезінде тіркеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар скейт-парк аумағында анықталған ақауларды дереу жою туралы мердігер мекемеге тапсырма берілді.
Инженерлік мәселелерге де ерекше мән берілді. Атап айтқанда, сумен жабдықтау және кәріз жүйесіне қосылмаған учаскелерді қалпына келтіріп, санитарлық-гигиеналық тораптарды (СГТ) іске қосу міндеті жүктелді. Қазіргі таңда бес СГТ бар, олардың барлығы санитарлық талапқа сай жұмыс істеуге тиіс. Сонымен қатар халық көп жиналатын аймақтарда қосымша санитарлық тораптар орнату мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Жиын барысында ит серуендетуге арналған арнайы алаңдар салу, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ түнгі уақытта полиция патрулін күшейту мәселесі де талқыланды. Бейберекет саудаға тосқауыл қою, қалдықты дер кезінде жинау және шығару бағытында бақылау шаралары қабылданады.
Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұловтың айтуынша, Сайран көлін қайта жаңғырту жұмыстары заманауи жайлылық, қауіпсіздік және тұрақтылық стандарттарына сай жүргізілуге тиіс. Шаһар тұрғындары үшін қолайлы, көркем әрі функционалды демалыс орнына айналуы керек. Жауапты мекемелер жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындап, өзара іс-қимылды үйлестіруі қажет.