Тексеру барысында оң өзгерістермен қатар, шешуін күткен түйткілді мәселелер де анықталған
Алматы әкімінің орынбасары Олжас Смағұлов Сайран көлін қайта жаңғырту жұмыстарының сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуын қадағалау мақсатында нысан басында көшпелі кеңес өткізді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жиынға мердігер мекеменің, аудан әкімдіктерінің, коммуналдық қызметтердің, полицияның, ТЖД және өзге де тиісті ұйымдардың өкілдері қатысты.
Олжас Смағұлов көгалдандыру, көркейту, инженерлік және санитарлық инфрақұрылым бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысты.
Тексеру барысында оң өзгерістермен қатар, шешуін күткен түйткілді мәселелер де анықталды.
Алдағы күндері суару жүйесін орнату жұмыстары аяқталып, мердігер мекеме ауқымды көгал егу, көпжылдық бұталар мен сәндік гүлдер отырғызу жұмыстарына кіріседі.
Сонымен қатар, көркейту аясында бірқатар маңызды іс-шара жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, алдағы уақытта кіреберіс алаңдарға төрт пандус пен жедел саты орнатылады, кеспе тас төсеу жұмыстары аяқталып, көлбеу жерлерді бекіту, жаңбыр суын ағызу жүйесін құру, ағаштарға жарық шамдарын орнату және көше шамдарын орнату жұмыстары жалғасады. Бұған қоса, қосымша 130 қоқыс жәшігі қойылып, тазалыққа жауапты қызметкерлердің саны артады. Санитарлық тәртіпті бұзғандарға айыппұл салынады.