Ол нақты мысал келдірді.
Бүгін Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Стамбеков банктер, микроқаржы ұйымдары мен ломбардтар төлем қабілеттілігін дұрыс бағаламай, тіпті зейнетақыны табыс көзі ретінде есепке алып несие беретінін айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда шамамен 3,2 миллион адам қарыздық тәуелділік жағдайында өмір сүріп жатыр. Бұл адамдардың қатарында зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен әлеуметтік жәрдемақы алушылар бар.
Банктер, микроқаржы ұйымдары және ломбардтар несиені төлем қабілетін дұрыс бағаламай бере салады. Олар зейнеткердің зейнетақысын да табыс көзіне жатқызуы мүмкін. Содан кейін берешекті зейнетақыдан шешіп ала салады. Сөйтіп адамдар тіршілікке қажетті ақшадан қағылады, – дейді Ерлан Стамбеков.
Ол нақты мысал келдірді. Сот Алматыда туғаннан мүгедек азамат Жантөре Қожабергеновтен «Сейф-Ломбард» пайдасына 15 млн теңге өндіріп беру туралы шешім шығарған.
Енді жекеменшік сот орындаушылары оның зейнетақысын түгел шешіп алып жатыр.
Соған байланысты Стамбеков қаржы нарығын реттеуші агенттіктен, еңбек, әділет министрліктерінен осы санаттағы азаматтарға кредит беру мәселесін мұқият тексеруді сұрады.
Елімізде 2,5 миллионға жуық зейнеткер бар.
Халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдарды несие берушілердің пайда көзіне айналдыруын тоқтатуымыз керек деген депутат мынандай ұсыныстар айтты:
- халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтар үшін банкроттық рәсімін жеңілдету;
- төлем қабілеттілігін есептеген кезде зейнетақы мен жәрдемақыны табыс ретінде есептеуге тыйым салу;
- несиелік қарыздарды зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерден өндіріп алуға тікелей заңнамамен тыйым салуды енгізу.
Бұған қоса ол Қаржы нарығын реттеу агенттігіне, еңбек және әділет министрліктеріне халықтың әлеуметтік осал тобына жататын адамдардың несиелік жүктеме ауқымын анықтау үшін терең талдау жүргізуді және жалғыз табыс көзін, атап айтқанда зейнетақы мен жәрдемақыны жүйелі қаржылық қорғау тетіктерін әзірлеуді сұрады.