×

Тілге жан бітірген платформа: Ұлттық корпус қалай жұмыс істейді?

Маманның айтуынша, платформадан ұстаздар мен шәкірттер көркем мәтіндегі күрделі троптар мен стильдік құрылымдарды оңай анықтай алады.

Тілге жан бітірген платформа: Ұлттық корпус қалай жұмыс істейді?

Күні бүгінге дейін Ұлттық корпуста 65 миллионнан аса сөз қолданысы жинақталған. Сөзбен сурет салатын жазушылар тілінің ішкі корпусы көркем әдебиет, ғылым мен публицистика, ауызекі сөйлеу сынды мазмұндық тереңдігімен ерекшеленеді, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Тіл – жай ғана қатынас құралы емес. Ол – ұлттың жады. Ал жазушылар тілі – сол тілдің генетикалық паспорты іспеттес.

Жазбаша және ауызша мәтіндердің цифрлық базасы болған ұлттық корпус – қазақ тілінің «нейрондық жүйесін» реттейтін, стильдік ерекшелігі мен заңдылықтарын зерттейтін бірегей платформа.

Саналы ғұмырын  қазақ тілінің жандануына арнаған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Лексикология» бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Айгүл Байдебекқызы аталмыш тілтанымдық ресурстың 16 ішкорпусқа дейін толыққанын айтады:

Қазақ тілінің ұлттық корпусын жасау ісі» профессор Асқар Құдайбергенұлы Жұбановтың бастамасымен қолға алынды. Корпустар қазір терминологиялық не фразеологизммен ғана шектелмей, тарихи поэтикалық ішкорпус, ономастикалық, мәдени репрезентативті, сондай-ақ мақал-мәтелдер мен жарнама, заманауи поэзия сынды ішкорпустар жағынан дамуда. Бұл ғалымдар мен жазушыларға, журналистер мен тіл саласының мамандарына, мұғалімдер мен оқушыларға тиімді ресурс, – дейді ол.

Не үшін қажет?

Маманның айтуынша, платформадан ұстаздар мен шәкірттер көркем мәтіндегі күрделі троптар мен стильдік құрылымдарды оңай анықтай алады. Бұл көркем шығарма мазмұнын түсіндіру жағынан екіжаққа да тиімділік әкеледі.

Көркем шығарма – қазақ тілінің айнасы. Қазір кітапқұмар жастар аз. Әсіресе мектеп бағдарламасындағы көркем шығармалардың мазмұнын терең түсіну жағынан қиналады. Ал ішкорпус мәтінді оқып, сөздің астарын түсіне алмаған оқырманға таптырмас ресурс, – дейді Айгүл Байдебекқызы.

Соңғы 5 жылда қазақ тіліндегі ақпараттық базаны қолданатындар саны 60 пайызға дейін өскен. Бұл ішкорпустың дамуына оң әсерін тигізері анық. Себебі ұлттық корпус алдымен қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, сауаттылық пен мәдениеттің жандануына жұмыс істейді.

«Тілі жоқтың – түгі жоқ!»

Барлық нәрсенің өзегі – тілде. Тіл болмаса, ұлт болмайды. Біреуді қазақ, біреуді әзірбайжан, біреуді орыс, біреуді түрік ететін – тілі ғана. Тас мұқалып, құм болады, темір тозады, адам өмірден озады, ары қарай сабақтастырып жеткізетін – көмейдегі сөз бенен таңдайдағы тіл ғана. Тіл де – тірі организм. Ұлттық корпус – ұлттың жаны, алтын қоймасы. Бұл тарих пен әдебиетті, ғылым мен мәдениетті жандандырады. Ұлттық сананы байытып,  әдеби мұраны цифрлық ортаға көшіру – заман талабы. Бұл ұлтымыздың ана тілінің жаһандық деңгейде танылуына жол ашады, – дейді тіл жанашыры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аслы Осман.

Фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов:

Ұлттық корпус – қазақ тілінің «жанды» қоры. Барша адамзаттың даму тарихында ортақ заңдылықтары болатыны сияқты, тіл де ұлттың тарихына, тұрмыс-тіршілігіне, дүниетанымына, ділі мен мәдени ерекшеліктеріне қарай тереңдей береді. Заманауи сандық ресуртар тіл тұғырын бекемдеп, бір жүйеге кіріктірілген тілдік материалдар базасының одан әрі жандануына, ақпарат ауқымын кеңейтуге, семантикалық кеңістігін толықтыруға мүмкіндік береді, – дейді.

Айта кетейік, аталмыш платформадан жазушылардың афоризмдерін, нақыл сөздерін, метафораларын бір батырманы басу арқылы оңай табуға болады. Жас ғалымдар мен әдебиетшілер үшін бұл ресурс жазушының стильдік ерекшелігі, бейнелеу тәсілі мен сөз қолданысын терең талдауға, лингвокогнитивті зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді. Метафора, эпитет, мақал-мәтел сынды тағы да көптеген қазақ жазушыларының көркем мәтіндеріндегі авторлық бейнелеуіштерді жинақтаған база ішкорпусты толық қамтиды.

Басқа тілдерден артықшылығы қандай?

Ағылшын, орыс тілдерінің ұлттық корпустарында мұндай ішкорпус жоқ. Бұл – қазақ тіл ғылымының инновациялық моделі. Себебі жазушылар тілінің жеке ішкорпусын алғаш жасап, әдеби-мәдени жадыны сандық форматта сақтауға бет алған санаулы ұлтпыз, – дейді Айгүл Байдебекқызы.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жалпы терминологиялық комиссия  1971 жылдан бастап құрылған. Ұлттық корпусты қалыптастыру барысында 12-20 параметрлік метабелгілер жасалған. Ішкорпустың қазір жазушылар тіліне басымдық беруі – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге жол ашады. Себебі жазушылар тіліндегі ерекше бейнелеу тәсілдерін саралау – қазақ мәдениетінің ойлау қабілетін әлемге танытудың бірегей жолы. Қара сөзбен өрілген рухани шежіреге толы ресурс – тіл ғылымының ғана емес, ұлттың сананың жаңғыру құралы болмақ.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Қазақстанда тағы бір «Айтыстың ақтаңгерінің» баласы алаяқтық жасады деп айыпталды
Кеше, 18:14

Қазақстанда тағы бір «Айтыстың ақтаңгерінің» баласы алаяқтық жасады деп айыпталды

Сағи мен Елдиярдың сөзінше, олар есімі елге белгілі айтыскер ақынның қызымен бизнес бастамақ болған.
Тергеу «Құпия» белгісімен жүргізілген. 
Қазіргі таңда тегін мемлекеттік үйірмелермен 250 мыңнан астам баланы қамтылған
Ол бұл бағытта жұмыс жалғасып жатқанын алға тартты. 

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →