Алакөл ауданының дамуы: Туризм, инвестиция және инфрақұрылым қарқынды өсуде
Соңғы үш жылда Жетісу облысы Алакөл ауданына келген туристердің саны 4,8 миллионға жуық адамға жетіп, оларға 29,4 млрд. теңгенің қызметі көрсетілген, - деп хабарлайды Qaz365.kz
Аудан әкімдігінің мәліметі бойынша, биылғы жылдың өзінде 51 жұмыс орны ашылған 17 туристік нысан іске қосылып, 2,4 млрд теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар 500 орындық 3 ірі туристік нысанның құрылысы жүргізілуде.
- Экономиканың негізгі драйвері – инвестиция. Үш жылда ауданға тартылған инвестиция көлемі 305,9 млрд. теңгеге жетті. Бюджеттен тыс қаражат есебінен 5 ірі жоба іске асырылып, 432 жұмыс орны ашылды. Соның бірі «Достық-Мойынты» теміржол желісін салу жобасы негізінде аудан аумағынан өтетін 134 шақырым теміржол учаскесінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар биыл «Дар Раил» серіктестігі логистикалық парк сала бастайды, - дейді Алакөл ауданының әкімі Алмас Абдинов.
Құрылыс саласында үш жылда 79,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, өткен бес айда оның көлемі 8,3 мың шаршы метр болып отыр.
Ауданда орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған елді мекендердің үлесі 92,8 % жетті. Сол сияқты соңғы үш жылда аудандық маңызы бар 44,3 шақырым автокөлік жолы жөнделді. Ал биыл 10 елді мекеннің 24 көшесі орташа жөндеуден өтеді.
Бір атап өтерлігі, «Жайлы мектеп» ұлттық жоба аясында Достық ауылында 600 орынды мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оған қоса бүгінгі күнге дейін 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 7 блокты медициналық пункт орнатылды. Басқа да әлеуметтік нысандар құрылысына көп көңіл бөлінуде.
Жалпы Алакөл ауданы – облыстың әлеуеті мол шекаралық аймағының бірі. Сондықтан ауданды дамытуда және халықтың әл-ауқатын жақсартуда оның туристік, көлік-логистикалық, өнеркәсіптік және басқа да бағыттарына басымдық беріледі.