Конституция – қағаз емес, қоғамның діңгегі
30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні. Бұл күн елдің құқықтық негізін бекіткен тарихи сәтпен байланысты. Ата Заң алғаш рет 1995 жылы бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған. Конституция – құжат жүзіндегі емес, халық санасындағы заң болғанда ғана өміршең. Бұл туралы Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі, заңгер Әлімжан Жұбатқанов пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ең қымбат қазына
1995 жылы осы күні бүкілхалықтық референдум арқылы еліміздің қазіргі Конституциясы қабылданып, Қазақстан демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде даму жолына түсті. Конституция – тек заңдар жиынтығы емес, ол – ел болашағын айқындайтын темірқазық. Әлімжан Жұбатқанов тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақстан үлкен саяси, әлеуметтік және экономикалық өзгерістерді бастан кешіргенін есіне алады. 1993 жылғы алғашқы Конституция бұл өзгерістерге толық жауап бере алмай, жаңа тарихи құжат қажет болған. Осылайша, 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум өтіп, халықтың еркін білдірген жаңа Конституция қабылданды.
Қазіргі Конституция 9 бөлімнен және 99 баптан тұрады. Оның мазмұнына сай, Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялады. Ең басты қағида – "Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – ең қымбат қазына" деп танылуы, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.
2022 жылғы реформа
"Жаңа Қазақстанға" бетбұрыс кезеңіне айта келе Әлімжан Жұбатқанов 2022 жылдың 5 маусымында Қазақстан халқы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізгенін еске салады. Бұл реформа елді жаңғыртуға, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге, халықтың шешім қабылдауға қатысуын күшейтуге бағытталған. Ең маңызды өзгерістер мыналар еді:
1. Президенттік өкілеттікті шектеу
2. Конституциялық Сот құрылды
3. Адам құқықтарын қорғау
4. Парламент пен мәслихаттарды жаңғырту
5. Саяси жүйені демократияландыру
6. Жер мен табиғи ресурстар туралы жаңа ұстаным
7. Тұңғыш Президент туралы ережелер алынып тасталды
Басты құжат
Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің тәуелсіздігін, бірлігін, тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты құжат. 2022 жылғы реформалар Конституцияны заманауи талаптарға бейімдеп, демократиялық қағидаттарды күшейтті. Ата Заң – әр азаматтың құқығы мен бостандығының қорғаушысы, билік пен халық арасындағы сенімнің заңды кепілі, әділетті, тыңдай білетін, жаңа Қазақстанның негізі. Конституция – тек құқықтық құжат емес, ол – елдіктің елжанды айнасы, халықтың үні мен болашаққа берген анты, – дейді Әлімжан Жұбатқанов.
Биыл Конституцияның қабылданғанына тура 30 жыл толады.