БҚДА құзырындағы мәселе
Қазақстанда кейінгі кезде мобильді операторлардың қызметі қымбаттап барады. Мұны қарапайым азаматтар да сезініп, желіге шағымдарын жаза бастаған. Не себепті осылай екенін Qaz356.kz.тілшісі Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігінен сұрады.
Бұл сұраққа алдымен министрліктің телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Олжас Қабенов жауап берген. Оның айтуынша, министрлік 2017 жылдан бері байланыс қызметтеріне арналған тарифтерді реттемейді.
«Олар бәсекелі нарық жағдайында қалыптасады. Егер тарифтердің негізсіз көтерілуіне қатысты сұрақтар туындаса, әр жағдайды жеке қарай аламыз. Ол үшін бізге немесе Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне өтініш беру қажет», - дейді Қабенов.
Ал вице-министр Дмитрий Мун қазіргі уақытта байланыс сапасын жақсарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтады.
«Осыған байланысты байланыс операторлары тарифтерді көтеруге тырысуда. Бірақ біз өз тарапымыздан бұл мәселелерді талқылап жатырмыз. Әрбір операторда әлеуметтік тариф қарастырылған, яғни тарифтер желісі өзгеріп жатқанымен, соның ішінде қолжетімді бағамен ұсынылатын тарифтер де бар», - дейді ол.
Мунның сөзінше, тарифтерді реттеу функциясы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (БҚДА) құзыретіне жатады.
«Біздің білуімізше, осы жұмыс аясында операторларға тариф құрылымдарын ашық көрсету бойынша хабарламалар жолданған. Бұл жерде қоғамдық тыңдаулар мен тарифтерді бекітуге байланысты тиісті рәсімдер жүргізілуі тиіс. Ал ЦДИАӨМ тарапынан біздің құзырет шегінде тарифтердің өсуіне тікелей шектеу қою мүмкін емес. Бұл — БҚДА құзырындағы мәселе», - дейді ол.