Әлеуметтік желіде танымал Айсұлтан Жақыпов банктен несие алған сәттен бастап өзіне бірден алаяқтар қоңырау шала бастағанын айтады
Алаяқтар оған “банктенбіз” деп хабарласқан, деп жазады Qaz365.kz.
Әуелі Айсұлтан Жақыпов өз басынан өткен оқиға жөнінде әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды. Ол банктен несие алған күні-ақ күмәнді нөмірлерден қоңыраулар жауғанын айтып, жұртты алаяқтардан сақ болуға шақырды. Айтуынша, алаяқтар өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен дербес деректерін алдап алуға тырысқан.Ол мұндай сәйкестік кездейсоқ емес деп санайды. Айсұлтан Жақыповтың ойынша, алаяқтар банктермен немесе сол құрылымдарда отырған адамдармен байланыста болуы әбден мүмкін.
“Абайлаңыз, алаяқ! Біздегі интернет алаяқтары банк және бірнеше органмен тікелей байланыста секілді. Дәл осы күні менің шотыма әжептеуір ақша түсті. Мыналарың күн демей, түн демей хабарлама жіберуде. Егер, кодты терсем бірнеше млнға қораға кіреді екенмін. Әйтеуір, код жібермей аман қалдым. Ол ақшаға не ЖейЛо әпшемнің концертіне бара алмай, болмаса хәкім Абай тойына бара алмай, бірнеше жыл несие төлеп, қоңыз теріп кетер ем, – дейді ол.
Qaz365.kz тілшісі Айсұлтан Жақыповқа қоңырау шалып, оқиғаның мән-жайын өзінен сұрап білді. Жақыпов әлеуметтік кәсіпкерлер кеңсесінде жоба қорғап, “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша ауылда кәсіп бастайтындарға көмектесуге бөлінген қолдау есеібнен 2,5 пайызбен несие алған.. Жаңаарқа ауданы бойынша киім-кешек жуатын орталық ашқысы келген.
Сол ақша (8-9 млн теңге) қалай түсті – сол күні алаяқтар үш-төрт сағаттың ішінде қоңырау шала бастады. Артынша “жеке куәлікті көруге рұқсат сұратылады, ол үшін осы санды айтыңыз” деген СМС-хабарламалар келе бастады. БЦК банкіне барсам, “біз емес” дейді. Алаяқтар екенін біліп тұрмын ғой. 1414 арқылы қалай СМС жіберіп отырғаны маған да жұмбақ, – дейді ол.
Жалпы кейінгі кезде алаяқтар әсіресе ресейлік нөмірлермен Қазақстан азаматтарына қоңырау шалып, 1414-тен бірыңғай операторынан келген кодты айтуды сұрап, арбауға түсіре бастаған. Мұндай алаяқтардың құрбаны қоғамда аз емес. Полиция қызметкерлері кибершабуылдан қаншама рет сақтаныңыз деп ескертсе де, интернеттегі алаяқтар алдау мен арбаудың түр-түрін ойлап табуда.