Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов өзін атып кеткен Ернар Жиембайдың соттағы сөздеріне байланысты алғашқы рет мәлімдеме жасады, , деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, Жиембайдың сот залындағы айтқандары — шындыққа жанаспайтын, арандатуға бағытталған әрекет.
«Қазіргі уақытта бес оқ жарақатынан кейінгі оңалту кезеңінен өтіп жатырмын. Сондықтан сот отырыстарына жеке қатысуыма мүмкіндік жоқ. Бірақ процесті мұқият бақылап отырмын», — деді Берденов.
Ол Жиембай тарапынан сотқа дейін де қысым болғанын ашық айтты. Күдіктінің өзі немесе өкілдері байланыс орнатып, татуласуға шақырған. Кешірім болмаса, «ақпараттық жарылыс» жасаймыз деп сес көрсеткен. Тіпті, күдіктінің әкесі өзін-өзі өртейтінін айтқан.
«Бастапқы ұстанымым өзгерген жоқ. Қақтығыстың түп-төркіні — кәсіби сипатта. Жауапкер өз жұмысын дұрыс атқармады. Мен тек ашықтық пен есептілікті талап еттім», — дейді ол.
Руслан Берденов Жиембайдың қызғанышқа қатысты айтқандарын жоққа шығарып, бұл қоғам назарын басқа жаққа аудару үшін әдейі жасалған манипуляция екенін айтты.
«Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер болатын», — деді әкім орынбасары.
Сондай-ақ, ол қазіргі уақытта денесінде 60-тан астам аңшы мылтығының қорғасын оқтары бар екенін растады. Оның айтуынша, үнсіздігі — келісім емес, әділетті сотты күту.
Айта кетейік, бұған дейін Ернар Жиембай мұндай қадамға қызғаныштан бардым деген болатын.
Еске салсақ, 31 жастағы Ернар Жиембайға Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша айып тағылып отыр: 24-баптың 3-бөлігі ("Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") және 99-баптың 1-бөлігі ("Адам өлтіру").