Түркістан қаласында көпбалалы аналардың жалпы саны 15 739 адамды құрайды
Түркістан қаласында елдің ертеңі – жас ұрпақты тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген көпбалалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шара барысында Түркістан қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Байдулла Оразбеков аналардың отбасындағы, қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, көп балалы аналарға деген шексіз алғыс пен құрметтің бұл рәсім арқылы көрініс тапқанын атап өтті.
– Бүгін біз ел болашағын тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып келе жатқан асыл аналарымыздың еңбегін лайықты бағалап, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес “Алтын” және “Күміс” алқаларымен марапаттау мақсатында бас қосып отырмыз. Бұл – тек марапаттау шарасы ғана емес, сіздерге деген шынайы алғысымыздың, зор құрметіміздің белгісі. Ананың мейірімі мен төзімі – ұлттың баға жетпес байлығы, – деді Байдулла Оразбеков.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында көпбалалы аналардың жалпы саны 15 739 адамды құрайды. Олардың ішінде 1 098 ана – «Алтын алқа», 2 366 ана – «Күміс алқа» иегері атанса, 71 анаға «Батыр ана» атағы берілген. Сонымен қатар, 95 ана І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Бұдан бөлек, 18 жасқа дейінгі 4 және одан да көп баласы бар аналардың саны 12 109 адамға жетіп отыр. Бұл – өңірдегі демографиялық өсім мен аналардың қоғамдық рөлін айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20 370 672 адамды құрады. Жыл басынан бері өсім 87,2 мың адамды құраса, табиғи өсім есебінен – 80 мың адам, көші-қон есебінен – 7,2 мың адам. Оның ішінде, Түркістан облысындағы табиғи өсім 15372 адамды құраған.