Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласында салынып жатқан «Ана мен бала» орталығындағы жұмыстармен танысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан қаласында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен салынып жатқан перзентхана – 80 төсек-орындықтан тұрады. «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорының тапсырысымен құрылыс жұмыстарын «Эристайл-Казахстан» ЖШС жүргізіп жатыр. Орталық 3,3 гектар аумақта орналасады. Ғимарат екі қабатты, жалпы ауданы – 17 288 шаршы метр. Қазіргі таңда жер қазу жұмыстары толық аяқталған. Іргетасын құю және қайта топырақпен көму жұмыстары атқарылған. Нысан 2026 жылы тапсырылады деп жоспарланған. Облыс әкімі мердігер мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты сапалы атқару, құрылыс талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Құрылысқа қатысты ұсыныс-пікірлерді тыңдап, медициналық мекемені мамандармен қамту, жұмысын үйлестіру мәселесі де назардан түспеуі тиіс екенін ескертті.
Айта кетейік, заманауи талаптарға сай жабдықталып жатқан Ана мен бала орталығы ана мен баланың денсаулығын сақтау бағытында кешенді медициналық және әлеуметтік қызметтер көрсететін болады. Орталықтың негізгі мақсаты — аналар мен балалардың денсаулығын қорғау, ана мен бала өлімінің алдын алу, жүкті әйелдерге сапалы бақылау жүргізіп, жаңа туған сәбилерге білікті неонатологиялық және педиатриялық көмек көрсету.
Жоғары технологиямен жабдықталатын орталықта жүкті әйелдерге, босанған аналарға және балаларға арналған толыққанды амбулаториялық және стационарлық қызметтер ұсынылатын болады. Орталықтың маңызды бағытының бірі дүниеге сау ұрпақ әкелуге жағдай жасау және ата-аналардың жауапкершілігін арттыру болып табылады.