Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» ұйымдастыруымен отбасылар, пробациялық есепте тұрған азаматтар, білім беру ұйымдарының қатысуымен отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталған түрлі шаралар өтуде, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Аталмыш орталық тарапынан «Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас қағидаты», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Денсаулық – отбасы бақыты», «Әріптестік қарым-қатынас мәдениеті», «Суицид, лудомания қатері», «Қоғаммен қарым-қатынас қағидаты», «Заң мен жауапкершілік» тақырыптарында түсіндірме жұмыстары мен кездесулер өтеді.
Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» әлеуметтік маманы Алтынай Данышбаеваның сөзінше отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу - бұл тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар отбасылық құндылықтарды қайта қалыптастыру мен нығайтудың негізгі тетігі. Зорлық-зомбылық бар жерде мейірім, сенім, сыйластық сияқты отбасының іргелі ұстанымдары бұзылады. Сондықтан алдын алу жұмыстары тек құқықтық шеңберде емес, психологиялық, әлеуметтік және тәрбиелік деңгейде де жүргізілуі тиіс. Зорлық-зомбылықтың алдын алу арқылы отбасының ішкі климатын жақсарту мүмкін болады. Отбасында сенімді қарым-қатынас, өзара құрмет, ашық әңгімелесу мәдениеті қалыптасады. Бұл – баланың көзінше шешілетін даулардың бейбіт сипат алуына және олардың дұрыс өнеге көруіне ықпал етеді. Сонымен қатар, жүйелі алдын алу жұмыстары ерлі-зайыптылар арасындағы тең құқылық, эмоционалды қолдау және өзара түсіністік құндылықтарын орнықтырады.
Қорытындылай келе, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның міндеті. Себебі отбасындағы тыныштық елдегі тұрақтылық пен рухани мәдениеттің кепілі.