Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығында» отбасылық мәселелермен жұмыс істеу және отбасылардың тұрақтылығы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған кездесу өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шараға Түркістан облысына қарасты Арыс, Келес, Сайрам аудандарындағы «Отбасын қолдау орталығының» мамандары арнайы қатысып,
Түркістан қаласының мамандарымен тәжірибе алмасты. Кездесу барысында әр орталықтың жұмысымен танысып, жаңа FSM Social цифрлық жүйесінің қызметі мен қолдану ережелеріне тоқталып, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» директор орынбасары Ирина Иманбектің айтуынша бүгінде «Отбасын қолдау орталығы» өз қызметін ұйымдастыру және ведомствоаралық өзара іс-қимылды іске асыру барысында «FSM Social» ақпараттық жүйесін пайдаланады. Бұл процестерді тиімді басқаруға және өзгерістерге бірден жауап беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол жиынға қатысушыларға кәсіби қолдау көрсетіп, мұндай кездесулердің әріптестік байланыстарды нығайтуға және ортақ мақсаттарға қол жеткізуге үлкен мүмкіндік береді деді.
Жалпы өңірдегі орталықтардың жеке жұмыс жоспары бір жылдан аспайтын мерзімге жасалады. Отбасымен бірге жеке жоспар әзірлеуге қажет болған жағдайда заңгерлерді, психологтарды, әлеуметтік педагогтарды, медицина қызметкерлерін, әлеуметтік қызметкерлерді, жергілікті полиция қызметтерінің қызметкерлерін, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін қоса алғанда, тиісті мамандар тартылып отырады. Сонымен қатар, өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды сүйемелдеу аяқталғаннан кейін жағдайдың қайта басталуына немесе нашарлауына жол бермеу мақсатында нақты жағдайға байланысты 3 айдан 6 айға дейін жағдайға мониторинг жүргізеді.