Түркістан қаласында «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының облыстық кезеңінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл байқау 12 жылдан бері республикалық деңгейде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Шара қоғамда отбасы институтының рөлін нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және өз ісінде өнеге болған, үлгілі отбасыларды насихаттауға бағытталған. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, жеңімпаздарға құрмет көрсетті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына жиі тоқталып келеді. «Мерейлі отбасы» байқауы – тек үздік отбасыларды анықтайтын жарыс қана емес, бұл – отбасы құндылықтарын насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне, ұлттық тәрбиеге үлкен үлес қосып жүрген отбасылардың еңбегін елге танытатын үлкен алаң. Түркістан облысы 500 мыңнан аса отбасы қоныстанған өңір ретінде демографиялық өсімі ең жоғары аймақ болып есептеледі. Осы отбасылардың ұйытқысына айналған 187 мыңнан аса көпбалалы аналарымызды мақтанышпен айта аламыз, – деді Ертай Кенжебекұлы.
Жалпы конкурсқа 198 отбасы өтінім берген. Аудан, қалалық деңгейде ұйымдастырылған байқаудың алғашқы кезеңінде 27 отбасы жеңімпаз атанды. Ал, бүгін облыс бойынша үздік деп танылып, жанұядағы жарасымдылық пен өзінің қарым-қабілеттерімен ерекшеленіп, ұрпақтар сабақтастығының қайталанбас үлгісін көрсеткен 3 үздік отбасы жүзден жүйрік шығып, «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде топ жарып отыр.
Конкурс қорытындысына сәйкес 1 млн. теңге қаржылай жүлдесімен I орын Молдабековтер отбасына (Сауран ауданы) бұйырды. II орынды Ширимбаевтар отбасы (Түлкібас ауданы), III орынды Рысбековтер отбасы (Келес ауданы) иеленді.