Алматы қалалық әкімшілік соты Бостандық ауданында ашылайын деп жатқан №215 мектепті аралас мектеп етуге қарсы шыққан белсенді Дархан Ардақұлын 15 тәулікке қамаған болатын. Осыған қатысты Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан пікір білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алматыда жаңа №215 мектептің аралас тілде ашылуына қарсы шыққан белсенді әрі математика пәнінің мұғалімі Дархан Ардақұлы 15 тәулікке қамалды. Ол өзінің Facebook парақшасында хабарлағандай, «мектепке барамыз» деген сөзі үшін рұқсатсыз митингке шақырды деген айыппен жауапқа тартылған. Ардақұлы бұл айыппен келіспейтінін, тек өз пікірін білдіргенін айтты.
Мәжіліс депутаты сот шешіміне қатысты пікір білдірді
Мәжіліс депутаты, заңгер Абзал Құспан әлеуметтік желідегі жазбасында Алматыда ұстаз Дархан Ардақұлына қатысты шығарылған сот қаулысын сынға алды. Оның айтуынша, шешім заңға қайшы ғана емес, қоғамда араздық тудыруға бағытталған.
«Митингке шақыру» деп бағаланған бір ауыз сөз
Дархан Ардақұлы «TikTok» желісінде «215 мектепке барамыз» деген сөзі үшін 7 тәулікке қамалған. Сот мұны «рұқсатсыз митингке шақыру» деп бағалаған. Алайда Абзал Құспан бұл шешімді «жасанды әрі негізсіз» деп атап өтті.
«Дархан – қарапайым ұстаз»
Құспанның айтуынша, Ардақұлы елбұзар емес, қарапайым мұғалім, екі баланың әкесі.
«Оның бір ауыз сөзі үшін қамауға алу – заңсыз ғана емес, ар-ұятқа да сыймайды», – деді депутат.
Қазақ тіліндегі мектеп мәселесі
Бұл оқиға қоғам назарын Алматыдағы қазақ тілінде білім беретін мектептердің үлесіне бұрған. Мәліметтерге сүйенсек, қалада қазақ мектептерінің үлесі небәрі 22 пайызды құрайды. Абзал Құспан бұл мәселе Парламент деңгейінде қаралатынын жеткізді.
Апелляциялық сотқа шақыру
Дарханның сотта адвокаты болмаған. Қазір белгілі заңгер Мейірман Шекеев оны қорғауға келісім берді. Құспан қоғамды ұстаздың апелляциялық сотына белсенді қатысуға шақырды.
Айта кетейік, белсенділер мен ата-аналардың сөзінше, Бостандық ауданында биыл ашылайын деп жатқан жаңа №215 мектеп бастапқыда қазақ тілінде ашылады деп хабарланған, бірақ ашылуы әбден тақалған кезде жергілікті билік өкілдері "айнып қалған". Facebook-та тараған видеолардың бірінде белсенділер бұл ықшамауданда қазақ тілінде оқытатын жалғыз мектеп барын, балаларын қазақ мектебіне бергісі келетін ата-аналар мектеп таппай қиналып отырғанын айтады.