Иордания Корольдігі туризм саласында зор әлеуетке ие
Қазақстандықтарға 2026 жылдың алғашқы жартысында Иорданияға тікелей ұшу мүмкіндігі пайда болуы мүмкін. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов Ақордада өткен жиыннан кейін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның сөзінше, Иордания Корольдігі туризм саласында зор әлеуетке ие, алайда ол Қазақстан нарығында әлі жеткілікті деңгейде танылған жоқ. Әсіресе, көне Петра қаласы мен Өлі теңіз курорттары ең тартымды бағыттар ретінде аталды.
«Егер жолаушылар ағыны жеткілікті болып, рейстер коммерциялық тұрғыдан тиімді саналса, онда Air Astana әуе компаниясы келесі жылдың алғашқы жартысында тікелей рейс ашу туралы оң шешім қабылдайды», – деді Жақыпов.
Айта кетейік, Тоқаев Ақордада Иордания королімен келіссөз жүргізуді бастады. II Абдалла бен әл-Хусейн Астанаға кеше ресми сапармен келді. Президент өзі Иордания королін Астана әуежайынан қарсы алған еді..