Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» психолог маманы Гүлмира Маралбекқызының сөзінше отбасылық құндылық – әрбір баланың болашақта қандай азамат болып қалыптасатынын айқындайтын басты негіз, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Отбасы – әрбір адамның өміріндегі ең маңызды құндылық. Алайда кейде тұрмыстық қиындықтар, зорлық-зомбылық немесе әлеуметтік мәселелер адамдарды тығырыққа тірейді. Осындай сәтте көмек қолын созатын орталықтың болуы – көптеген жанға үміт сыйлайтыны анық. Бұл мекемелер тек материалдық көмек берумен шектелмей, психологтар, заңгерлер және әлеуметтік қызметкерлердің қолдауын қамтамасыз етеді. Егер отбасында сыйластық, түсіністік, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық сынды дәстүрлер сақталса, бала да осыны бойына сіңіріп өседі. Ал отбасында жиі кикілжің болса, балада тұйықтық, сенімсіздік, агрессия сияқты мінез-құлық қалыптасуы мүмкін. Сондықтан біз ата-аналарға баламен көбірек әңгімелесіп, бірлескен уақытты көбейтуге кеңес береміз. Себебі отбасы құндылығы – тек ата-ана үшін емес, болашақ қоғам үшін де ең басты байлық. Мұндай орталықтар – тек қызмет көрсететін мекеме емес, адам тағдырына әсер ететін маңызды әлеуметтік институт. Олардың арқасында көптеген отбасы қайтадан қоғамға бейімделіп, өз өмірін жаңадан құра алады»,- дейді маман.
Айта кетейік, Отбасын қолдау орталығы отбасы институтын қолдау мақсатында, өмірлік қиын жағдайға тап болған және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларға өмірлік қиын жағдайының күрделенуіне психикалық жайсыздық, тұлғааралық жанжалды ықпал ететін жағдайларға психологиялық, құқықтық және әлеуметтік кеңестер береді. 6 бағыт бойынша әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-еңбек, ақпараттық-консультациялық қызметтер көрсетеді.