Бұған дейін зейнеткердің ұлы қамауға алынған болатын.
Түркістан облысында әкесін ауыр жарақаттап, өлімге душар еткен ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып қана қоймай, оның әйеліне де айып тағылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Еске сала кетсек, бұған дейін әлеуметтік желілерде қарт әкені аяусыз соққыға жыққан ер адамның бейнежазбасы тараған болатын. Кадрларда бет-ауызы қанға боялған қарияның дәрменсіз күйі көрінеді. Ер адам әкесі орнынан тұра алмай жатқанда, әйелін шақырып, екеуі бірге ақсақалды сүйреп әкеткен.
Кейін белгілі болғандай, бұл оқиға Түркістан облысында болған. Зорлық-зомбылық көрсеткен – өзінің туған ұлы, ал келіні жағдайға араласпай, әрекеттің жалғасуына жол берген.
Қария қайтыс болғаннан кейін ғана көршісі жасырын түсірген бейнежазба жарияланып, қоғамда үлкен резонанс туғызды.
Зейнеткердің өліміне байланысты ұлына ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, 3-бөлігі бойынша («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
Ал келініне қатысты ҚР ҚК-нің 109-1-бабы, 2-бөлігі, 3-тармағы бойынша ("Жәбірленушінің дәрменсіз күйін немесе оған тәуелділігін пайдаланып соққы жасау") қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды.
Полицияның мәліметінше, қайғылы жағдайға дейін зейнеткердің өзі де, өзгелер де құқық қорғау органдарына шағымданбаған. Тергеу барысында барлық мән-жай анықталып, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.