Оқырман арасында оны қолдағандар да, қарсы пікір айтып жатқандар да бар.
Жазушы әрі журналист Қанат Тілеухан қазақ боксына қатысты өз ойын бөлісіп, Instagram парақшасында жазба жариялады. Оның пікірі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқы тудырды, деп жазады Qaz365.kz.
Қанат Тілеуханның айтуынша, бокс көбіне экономикалық тұрғыдан артта қалған елдерде дамыған спорт түрі.
Неге Еуропаның алдыңғы қатарлы мемлекеттерінде боксшыларды сирек көреміз? Мәселен, Испания десе бірден футбол ойға оралады: «Барселона», «Реал», «Атлетико» секілді клубтары бар. Ал боксшыларын жиі көре бермейміз. Бұл спорттың отаны саналатын Англияның өзінде де боксшылар аса көп емес, финалға шыққаны да жеңіліп қалды. Нидерланд, Германия, Португалия, Италия немесе Скандинавия елдерінің өкілдері рингте байқалмайды. Австриялық боксшыны көрдіңіз бе? Жоқ. Ал, керісінше, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Куба, Қытай, Солтүстік Корея, Балқан түбегіндегі елдер боксқа ерекше мән береді. Сонда бокс шынымен де демократиясы мен экономикасы толық дамымаған елдердің спорты ма деген ой келеді. Неге дамыған елдерде жұдырықтасу мәдениеті қалыптаспады? Осы жағын түсінбеймін, – деп жазды ол.
Алайда бұл пікір желіде түрлі көзқарас туғызды. Кейбір қолданушылар жазушының сөзімен келіспей, қарсы уәж айтса, енді бірі шынымен жекпе-жек түрлеріне емес, зияткерлік спорт түрлеріне басымдық берілгені жөн деп санайды екен.