×

«Анасын сыйламайтындар»: Ардақ Назаров желіде өзін сынағандарға жауап берді

«Анасын сыйламайтындар»: Ардақ Назаров желіде өзін сынағандарға жауап берді
Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров парламент кулуарында анасына арнаған құттықтауына қатысты сынға жауап берді. Оның айтуынша, бұл әрекет ешқандай тәртіп бұзу немесе әдепке қайшы қылық емес, деп хабарлайды Qaz365.kz

«Мен тек анама құрмет көрсеттім»

Жоқ, қаралған жоқ. Не үшін? Мен адам өлтірдім бе? Әлде бір нәрсе бүлдірдім бе? Мен тек анама құрмет көрсеттім. Сіз де анасыз ғой. Сіздің де балаңыз Ақордадан құттықтаса, сіз де марқайып қуанар едіңіз. Ешқандай әбестік жоқ. Басшылық та, әріптестерім де мені қолдап отыр, – деді Назаров.

Еске салайық, Назаров мәжіліс отырысында депутаттық сауал жолдар алдында шешесін туған күнімен құттықтаған еді. Артынша вице-премьер Ермек Көшербаевқа әскери салаға қатысты сұрақтар қойды.
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекетті түсінбей, депутаттың жеке құттықтауды мемлекеттік мінберде айтқанына наразы болды.

«Ананың дәрежесі биікте ардақталуы керек»

Ардақ Назаров бұл әрекетімен елді шулатпағанын айтып, керісінше қоғамда ананың мәртебесін көтеруді мақсат тұтқанын жеткізді.

Елді шулаттым деп ойламаймын. Ананың мәртебесі биік мінбеден де, керек болса бұдан да жоғары жерден ардақталуы тиіс. Ана – жаннаттың кілті. Анасын шын сүйетін азаматтар мені қолдайды. Ал анасын сыйламайтындар қарсы болады. Мен бағыт-бағдарымнан қайтпаймын, – деді ол.

«Алдымен әркім өзіне қарасын»

Депутат сын айтқандарға да ой тастады:

Сол жазып жүргендер, видео түсіргендер анасына соңғы рет қашан гүл сыйлады? Қашан бетінен сүйді, санаторийге жіберді немесе хабарласты? Әуелі әркім өзіне қарауы керек. Анасын әкесін құрметтеген адам ғана еліне адал қызмет етеді. Ата-анасын қарттар үйіне өткізгендер елін қалай жақсы көреді? – деді Назаров.

Ардақ Назаров өз сөзін түйіндеп:

Мен өзімді білемін. Жақсы перзентпін, жақсы әкемін, жақсы жармын. Маған жазылған пікірлердің әсері жоқ. Маңыздысы – ананы ардақтау. Бұл – барлығымызға ортақ парыз, – деді.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →