×

Министрлік Олимпиадалық резерв мектебіндегі буллинг дауына қатысты пікір білдірді

Астаналық тұрғын ұлының буллингке ұшырағанын жазған еді. 

Министрлік Олимпиадалық резерв мектебіндегі буллинг дауына қатысты пікір білдірді
Pixabay.com

Оқу-ағарту министрлігінің Бала құқықтарын қорғау комитеті Солтүстік Қазақстан облысындағы олимпиадалық резерв мектебінде болған жанжалға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Екі күн бұрын Маржан Тәжімұратова есімді астаналық тұрғын әлеуметтік желілерде мәлімдеме жасап, Петропавлдағы Солтүстік Қазақстан облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжінде оқитын ұлы буллингке ұшырағанын айтты.

Спортты жақсы көретін, төрт жасынан айналысып келе жатыр. Бірақ бірнеше апта бұрын мінез-құлқында өзгерістерді байқадым. Әдетте отбасымен бейнеқоңырау арқылы жиі сөйлесетін, алайда байланысқа шықпай қойды. Үйге қайтқысы келетінін айтты. Осыдан кейін біз оның буллингтің құрбаны болғанын білдік, – деп жазды ол Threads желісінде.

Оның айтуынша, жоғары сынып оқушылары өздерінен кішілерді ұрып-соғып, мазақтап, тамағын тартып алып отырған. Сонымен қатар балаларға қоқан-лоқы көрсетіп, қудалаған.

Бүгін аталған жағдайға ҚР ОАМ Бала құқықтарын қорғау комитеті ресми түрде жауап берді.

Осы оқиғаға байланысты комитет төрағасының тапсырмасымен Психологиялық қолдау орталығының мамандары өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкілмен бірге оқушыға және оның отбасына көмек көрсету, жағдайды жан-жақты зерттеу үшін оқиға орнына барды. Сонымен қатар, өз құзыреті аясында шара қабылдау үшін Туризм және спорт министрлігіне, бақылау жүргізу үшін Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне, әрі қарай мониторинг жүргізу үшін өңірлік уәкілге хаттар жолданды, – делінген 2025 жылдың 19 қыркүйегіндегі комитеттің хабарламасында.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →