«Оңтүстік Мұнайгаз» компаниясының басшысы Андрей Шилковтың әйелі Елена Шилкова мәлімдеме жасады
Шымкенттегі «Оңтүстік Мұнайгаз» компаниясының басшысы Андрей Шилковтың әйелі Елена Шилкова Астанада адвокаттарымен бірге баспасөз мәслихатын өткізді. Ол компания басшылығындағы әріптестері күйеуінен кәсіпорынды рейдерлік жолмен тартып алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Елена Шилкова баспасөз мәслихаты барысында қоғамға және журналистерге шығуға мәжбүр болғанын айтты. Сөзінше, күйеуіне қарсы заңсыз қылмыстық іс қозғалған.
«Оның компаниясын қазір рейдерлік жолмен тартып алғалы жатыр. Біздің үнімізді естісе дейміз. Рейдерлік тартып алу амалы құқық қорғау органдарының атын жамылып іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, ең басты бақылау орган – Бас прокуратураның атын жамылып отыр», - дейді ол.
Андрей Шилков «Оңтүстік Мұнайгаз» компаниясының 2012 жылдан бері директоры болған.
«Өзімен бірге қазір анықталып отырғандай бірге «псевдодостары» жұмыс істеген. Андрей оларға өзіндей сенді. Сондықтан оларды құрылтайшылардың қатарына кіргізіп, компанияның 50 пайызын соларға берген. Бірақ олар бұл үлесті 25 пайыздан өз әйелдерінің атына жазған. Енді олар достық қолын созған Андрейді алдап, жалған құжат жасап, түрмеге дейін жеткізді. Мен Президентке жүгінгім келеді. Көмек мен бізді қорғауды сұраймын», - дейді ол.
18 қыркүйекте Шымкентте «Оңтүстік Мұнайгаз» АҚ-ның бұрынғы президенті Андрей Шилковқа қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өткен. Қорғаушы тарап тергеу барысында көптеген заңбұзушылықтар болғанын алға тартып, істі прокуратураға қайтаруды сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмай, материалдарды қадағалаушы органға жолдау мәселесін Бас прокуратураның қорытындысы шыққанша ашық қалдырған.
«Біздің барлық өтініш, арыздарымыз қабылданбайды. Тергеудің өзі біржақты өткізілді. Бізді ешкім естімейді. Арыз-шағымдарымызды тіркелмейді. Тіркелсе де артынша ешқандай тергеу амалдары жүргізілмейді. Менің күйеуімнің үстінен жүргізілген сот басталды. Арыздарымыздың бәрін сот қабылдамайды. Сондықтан, мен сіздер арқылы қоғамға жүгінгім келеді. Күні ертең бұдан ешкім қорғалмайды. Үнімізді жеткізіңіздерші», - дейді Елена Шилкова.
Андрей Шилковтың адвокаты Темірхан Нұрхановтың айтуынша, «Оңтүстік Мұнайгаз» компаниясы ірі кәсіпорын саналады. Жұмысын бастағалы ол жерде мыңнан аса адам жұмыс істеген. 13 млрд теңгеден астам қаражат айлық ретінде төленген. Компания мұнай кен орындарында бұрғылау жұмыстарымен айналысады.
«Андрей Шилков 2024 жылы қыркүйекте іссапарда болған кезінде оған хабар берілмей, аудиторларды әкеліп, ЖШС хаттамасын жалған жасап, Шилковтың өзін басшылықтан ысырған. Бухгалтериядан барлық құжатты әкетіп, ешқандай қабылдау-өткізу актісінсіз құжаттарды алып кетіп, кеңсеге күзет қойған. Артынша Шилковке бұл ақпарат жеткен. 5 қарашада Андрей бүкіл құрылымдарға, ІІМ-ге, Президентке, Президент Әкімшілігіне болған жайтты баян етіп, арыз жазған. Баянаттардың бәрі де қолымызда», - дейді адвокат.
Адвокаттар бұл істі «рейдерлік басып алу әрекетінің классикалық мысалы» деп сипаттайды. Олардың айтуынша, Шилковқа тағылған айып жалған құжаттарға негізделген, әрі ол бұл материалдармен танысу мүмкіндігінен айырылған. Шымкенттегі Сот сараптамасы институтының қорытындысы да құжаттардың қолдан жасалғанын растаған.
2024 жылдың тамызында акционерлер жиналысының жалған хаттамалары жасалып, директорлар кеңесі мен компания президентін ауыстыруға жол ашылған. 2025 жылғы 23 мамырда сараптама бұл құжаттардың қолдан жасалғанын дәлелдеген. Осы жалған құжаттар негізінде аудит пен салықтық тексеру жүргізіліп, соның нәтижесінде 239 млн теңге қосымша салық салынған. Бірақ аффилиирленген тұлғалармен жасалған бірқатар мәмілелер мүлде қаралмаған.
Qaz365.kz порталының тілшісі «Оңтүстік Мұнайгаз» компаниясының ресми сайтында көрсетілген телефон нөмірлеріне қоңырау шалған, бірақ нөмірлер өшіп жатты. Егер Шилковтарға қарсы тарап позициясын білдіреміз десе, портал оны жариялауға дайын.
Шилковтың туыстары мен адвокаттары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Берік Асыловқа және Ресей Сыртқы істер министрлігіне жүгініп, 1963 жылғы Вена конвенциясы аясында дипломатиялық қорғау көрсету қажеттігін мәлімдеді. Олар Андрей Шилковты қуғындауды тоқтатуды және заңды меншік иесі ретіндегі құқықтарын қалпына келтіруді талап етті.