Түркістан қаласында Отбасы күніне арналған ауқымды мерекелік шара – «Отбасы ұлттың тірегі» атты облыстық байқау ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Іс-шара Түркістан қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткізілді. Байқаудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, отбасы берекесін арттыру, ұрпақ тәрбиесінде отбасының маңызын айшықтау болды. Өңірдің әр ауданынан іріктелген 9 отбасы өз өнерлерін ортаға салып, қазылар алқасының бағасына ие болды. Әрбір қатысушы шаңырақ өзінің бірлігі мен шығармашылығын, өнерге деген сүйіспеншілігін паш етті.
Байқау төрт негізгі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде отбасылар өздерін таныстырып, шаңырақтарының ерекшелігі мен дәстүрін көрсетті. Келесі екінші бөлімде қолөнер туындылары, аспаздық өнері және отбасылық мұралары дәріптелді. Ал, үшінші кезеңде қатысушылар бейнероликтер мен шығармашылық челленджтер арқылы бірлік пен ынтымақты паш етті. Соңғы кезеңде ән, би және түрлі өнер көрсетілімдері ұсынылып, әр отбасының шығармашылық қабілеті сынға түсті. Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлде Түркістан қаласының Кәрібаевтар отбасына берілсе, 1-орын Төлеби ауданынан келген Жалбиевтер мен Түркістандық Байболовтар әулетіне бұйырды. 2-орын жетісайлық Жигдалиевтерге, келестік Рысбековтер және Арыс қаласынан келген Келдебековтерге табысталды. Ал, 3-орын иегерлері болып Отырардан Төлешовтер, Сарыағаштан Бурибековтер және Саураннан Манашовтар отбасы танылды.
«Отбасы ұлттың тірегі» байқауына қатысқан барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қала әкімінің дипломдары мен бағалы сыйлықтары табысталды. Байқау барысында ұлттық музыка мен би қойылымдары көрермендер назарына ұсынылды.