Түркістан қаласында отбасыларды қолдауға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған түрлі мемлекеттік және қоғамдық бағдарламалар жүзеге асырылып келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан қаласындағы тәжірибелі педагог Аида Ергешбайқызының айтуынша, жаһандану үдерісі қазіргі жастардың дүниетанымына, өмірлік ұстанымына елеулі ықпал етуде. Бұл өзгерістер отбасылық құндылықтарға деген көзқарасты да өзгертіп жатыр. Сондықтан жастардың бойында ұлттық дәстүрге деген адалдықты, ата-анаға құрмет пен отбасына деген жауапкершілікті сіңіру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.
«Бүгінгі бала – ертеңгі ата-ана. Егер біз қазір олардың санасына отбасына деген құрметті, ата-анаға деген сыйды, дәстүрге адалдықты дарытпасақ, ертең қоғамда берекесіздік орын алуы мүмкін. Сондықтан отбасылық құндылықтарды насихаттау – ел болашағына салынған инвестиция», – дейді педагог.
Аида Ергешбайқызының айтуынша, мұғалім – тек білім беруші ғана емес, рухани тәрбиеші. Әрбір оқушының жүрегіне жол табу, олардың отбасындағы қарым-қатынасы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін қалыптастыру – ұстаздардың маңызды міндеті.
«Мен сабақ барысында «Ата-анаға құрмет», «Ұлттық дәстүр – ұрпақ қазынасы» атты тәрбие сағаттарын жиі өткіземін. Мұнда оқушылар ата-аналарының өмір жолын зерттеп, шағын жобалар дайындайды. Бұл – олардың өз тамырын, тегін қадірлеуге үйренуіне ықпал етеді. Сондықтан мектеп пен мұғалімдердің міндеті – жас ұрпаққа отбасының қадірін, махаббат пен сыйластықтың маңызын ұғындыру. Бұл – тек ата-ананың емес, барша қоғамның, әсіресе білім беру мекемелерінің ортақ жауапкершілігі», – деп түйіндейді ұстаз.
Сонымен қатар, баланың жан-жақты қалыптасуында мектепке дейінгі мекемелер мен балабақшалардың да рөлі зор. Отбасы – қоғамның айнасы болса, балабақша мен мектеп – сол отбасының тәрбиелік бағытын жалғастыратын маңызды буын. Мұғалім әр шәкіртін өз баласындай көріп, отбасылық құндылықтарға баули білсе, ертеңгі қоғамда татулық пен береке орнайды.