Түркістан қаласы отбасы құндылықтарын насихаттау, ата-ананың тәрбиелік рөлін күшейту және әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру бағытында үздіксіз, жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Отбасы күніне арналған шаралар соның нақты көрінісі деуге болады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Түркістан қаласында Отбасы күніне орай ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ата-аналар мен балалар арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ отбасылық институтты қолдау мақсатында бірқатар тәрбиелік әрі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Отбасы – ұлттың тірегі», «Мерейлі отбасы», «Үлгілі отбасы» секілді байқаулар мен кездесулер Түркістан өңірінің әр ауданынан келген белсенді отбасылардың басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға, шығармашылық танытуға және ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеуге жол ашты. Іс-шаралар барысында қатысушылар өнер, қолөнер, аспаздық, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрді көрсету бағыттарында сынға түсіп, рухани-мәдени атмосфера қалыптасты. Сонымен қатар, арнайы марапаттау рәсімдері мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, қала жұртшылығы үшін мерекелік көңіл-күй сыйланды.
Түркістан қаласындағы «Бақытты шақ» психологиялық даму орталығының тәжірибелі психологы Ақниет Әбдіхалық аталған іс-шаралардың маңызына тоқталып, өз кәсіби пікірін білдірді.
«Отбасы күніне арналған мұндай мазмұнды байқаулар мен кездесулер – жай ғана мәдени шара емес, бұл отбасылар арасындағы өзара сенім мен түсіністікті тереңдететін маңызды платформа. Әсіресе, ата-ана мен бала бірге дайындалып, ортақ іс атқарған кезде олардың арасындағы эмоционалдық байланыс күшейеді. Бір-біріне деген қолдау, сыйластық пен құрмет артады. Бұл – заманауи қоғамда жиі ұмыт қалып жататын рухани құндылықтарды қайта жаңғыртудың жарқын мысалы», – дейді маман.
Сондай-ақ, психолог қазіргі заманғы әлеуметтік қысымдар мен ақпарат ағыны балалар мен ата-аналардың арасын алшақтатуы мүмкін екенін, сондықтан біріктіруші фактор ретінде дәл осындай іс-шаралар үлкен рөл атқаратынын атап өтті.