Қай қоғамда болмасын, отбасы – тіршіліктің тұғыры, адамзат баласының алғашқы тәрбие мектебі. Осы ретте, Түркістан қаласында Отбасы күніне орай өткен мазмұнды іс-шаралар осы құндылықты тағы бір мәрте айқындай түсті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Қалада ұйымдастырылған Отбасы күніне арналған Ашық есік күні, «Отбасы – бақыт мекені» атты шығармашылық кеші, «Отбасын қолдау орталығы» ұжымының қайырымдылық акциясы және «Алтын шаңырақ және Күміс кереге» атты шаралары тәрбие беруге бағытталған. Түркістан облысының әр түкпірінен жиналған отбасылар бұл шараларда өзара тәжірибе алмасып, салт-дәстүр, өнер, қолөнер мен ұлттық тағам түрлерін таныстыру арқылы рухани байлықпен бөлісті.
Осы іс-шаралар туралы пікір білдірген Түркістан қаласындағы «Бақытты шақ» орталығының психологы Анарбай Маржан өз сөзінде: «Ата-ана мен бала бірге дайындалып, бір сахнада өнер көрсетуі – олардың арасындағы байланысты жаңаша деңгейге көтереді. Бұл – тек шығармашылық емес, эмоциялық жақындасу процесі. Өзара қолдау, түсіністік және жауапкершілік қалыптасады. Осындай тәжірибе отбасылық бірлікті сақтауға зор ықпал етеді», – дейді маман.
Сонымен қатар, маманның айтуынша, бұл жобалар аналардың қоғамдағы рөлін көтеріп, олардың өз мүмкіндігін бағалауына жол ашады.
«Әйел – отбасының ұйытқысы. Оның ішкі әлеуетін дамыту, өз-өзіне сенімін арттыру арқылы бүкіл отбасындағы атмосфера өзгереді. Ал аналарға арналған мотивациялық тренингтер – соның алғашқы қадамы. Бұл – болашақ ұрпақ тәрбиесіне салынған инвестиция», – дейді маман.
Түркістан қаласы соңғы жылдары отбасылық құндылықтарды сақтауда алдыңғы қатардағы өңірге айналып келеді. Әрбір өткізілген шара – тек мерекелік сипатта емес, тәрбие мен ұлттық сана тұрғысынан да үлкен мәнге ие. Отбасылық іс-шаралар арқылы балалар мен жастар ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді үйренеді. Бұл – ұлт болашағының адами негізін қалыптастырады.