Отбасы – қоғамның тірегі, ұлт болашағының бастауы. Түркістан қаласында отбасы институтын сақтау мен нығайту, жас отбасыларды қолдау және әлеуметтік әлсіз топтарға кешенді көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Осы орайда, Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қарасты «Отбасын қолдау орталығының» ұйымдастыруымен бірнеше маңызды әлеуметтік және тәрбиелік іс-шаралар өтуде. Бұл бастамалар тек ақпараттық немесе мәдени бағытта ғана емес, қоғамдағы отбасылық жауапкершілікті арттыруға және рухани тұрақтылықты қалыптастыруға бағытталған нақты қадамдар болып саналады.
«Жуырда қаламызда «Біз бірге бақыттымыз» атты кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шара отбасылар арасындағы өзара түсіністікті арттыру, отбасылық татулық пен бірлікті дәріптеу мақсатында ұйымдастырылуда. Шара аясында түрлі мәдени қойылымдар, танымдық тренингтер, бала мен ата-ана арасындағы ойын-сайыстар өткізіліп, отбасыларға бір күндік шаттық пен естен кетпес эмоция сыйланбақ. Отбасындағы бақыт – қоғамдағы тұрақтылықтың негізі. Біз ұйымдастырып отырған шара арқылы әр отбасының өзара қарым-қатынасын нығайтып, бақытты сәттерге бірге куә болуды мақсат еттік. Бұл тек ойын-сауық емес, отбасылық махаббатты қайта жаңғыртатын тәрбиелік мәні зор кездесу»,– деп атап өтті орталық директоры Мария Сартайқызы.
Бүгінде әлеуметтік қызметкерлердің отбасымен жұмыста кәсіби тәсілдерді меңгеруі аса маңызды. Осы бағытта орталық кейс-менеджмент әдістемесі бойынша мамандарға арналған оқыту курстарын ұйымдастыруда. Бұл бағдарлама әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттырып, әр отбасының жеке мәселесіне бейімделген көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл оқыту – мамандардың кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, қиын жағдайға тап болған отбасылармен сапалы жұмыс жүргізудің алғышарты.
Отбасылық өмір – жауапкершілік пен өзара түсіністікті талап ететін маңызды кезең. Осы орайда, «Отбасын қолдау орталығы» жас жұбайларға арналған арнайы психологиялық, әлеуметтік және құқықтық бағыттағы кездесулер ұйымдастыруда. Жас жұптарға арналған ерекше әрі әсерлі сәттердің бірі – неке қию туралы куәліктерді салтанатты түрде табыстау рәсімі. Бұл шарада жас отбасылар арнайы дайындалған ортада өздерінің маңызды құжаттарын алып, отбасы өмірінің алғашқы қадамдарын есте қаларлықтай атап өтеді.