Отбасы – қоғамның тірегі, ұлт болашағының бастауы. Түркістан қаласында отбасы институтын сақтау мен нығайту, жас отбасыларды қолдау және әлеуметтік әлсіз топтарға кешенді көмек көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Әйелдердің құқықтарын қорғау, отбасылық құндылықтарды сақтау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл – еліміз үшін аса маңызды әлеуметтік мәселелердің бірі. Бұл тақырып бүгінде Мемлекет басшысының, сондай-ақ Ішкі істер министрлігі басшылығының тұрақты бақылауында тұр. Түркістан қаласында да осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың басынан бері Түркістан қалалық полиция басқармасына 1000-ға жуық өтініш пен шақырту тіркелген. Аталған өтініштердің басым көпшілігі, отбасындағы ерлі-зайыптылар арасындағы кикілжіңдер, бала тәрбиесіне байланысты жанжалдар, әйелдерге көрсетілетін психологиялық және физикалық қысым, тұрмыстық келіспеушіліктер мен агрессия көріністері бойынша болған.
Бұлардың ішінде кейбір істер бойынша құқықтық шаралар қабылданса, кейбір отбасыларға психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туындаған. Бұл мәселеге байланысты Түркістан қаласындағы Отбасы қолдау орталығының психолог маманы Ирина Иманбектің сөзінше, дәл осындай қиын жағдайда қалған әйелдер мен отбасыларға «Отбасын қолдау орталығы» жан-жақты көмек көрсетіп келеді. Орталықта кәсіби психологтар мен заңгерлер тегін кеңес береді, ал әлеуметтік мамандар қиын жағдайдан шығу жолдарын бірге қарастырып, қажетті қолдау шараларын ұсынады.
Мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайтуға болады. Ол үшін тек құқықтық шаралар ғана емес, психологиялық қолдау, ақпараттық түсіндіру, және мәдени-ағартушылық жұмыстар қатар жүргізілуі тиіс. Түркістан қаласы бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарып келеді. Ал әрбір азамат – әйел, ер-азамат, ата-ана, маман – қоғамдағы отбасылық үйлесімділіктің сақтаушысы екенін ұмытпауы тиіс.