×

Отбасындағы тыныштық - қоғамның берекесі - Әлеуметтік маман

Отбасындағы тыныштық - қоғамның берекесі - Әлеуметтік маман

Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» ұйымдастыруымен отбасылар, пробациялық есепте тұрған азаматтар және білім беру ұйымдарының қатысуымен отбасылық құндылықтарды арттыруға бағытталған түрлі маңызды шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Орталықтың мамандары «Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас қағидаты», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу», «Денсаулық – отбасы бақыты», «Әріптестік қарым-қатынас мәдениеті», «Суицид, лудомания қатері», «Қоғаммен қарым-қатынас қағидаты», «Заң мен жауапкершілік» сынды тақырыптар бойынша түсіндірме жұмыстарын және кездесулер ұйымдастырады. Бұл шаралар отбасындағы түрлі мәселелерді кешенді түрде қарастырып, отбасы мүшелерінің бір-бірімен үйлесімді қарым-қатынас орнатуына бағытталған.

Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығының» әлеуметтік маманы Алтынай Данышбаева отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу – бұл тек қауіпсіздікті қамтамасыз етумен шектелмей, отбасылық құндылықтарды қайта қалыптастыру мен нығайтудың маңызды тетігі екенін айтады.

«Зорлық-зомбылық бар жерде мейірім, сенім және сыйластық сияқты отбасының іргелі ұстанымдары бұзылады. Сондықтан алдын алу жұмыстары тек құқықтық тұрғыда емес, психологиялық, әлеуметтік және тәрбиелік деңгейде де жүргізілуі керек. Зорлық-зомбылықтың алдын алу арқылы отбасының ішкі климатын жақсартуға болады. Сенімді қарым-қатынас, өзара құрмет пен ашық әңгімелесу мәдениеті қалыптасады. Бұл жағдай баланың көзінше шешілетін даулардың бейбіт сипат алуына, олардың дұрыс өнеге көруіне ықпал етеді», – дейді маман.

Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу - бұл жеке тұлғаның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өйткені отбасындағы тыныштық пен үйлесім - елдегі тұрақтылық пен рухани мәдениеттің басты кепілі. Түркістан қаласында осындай кешенді шаралар арқылы отбасы институтын сақтау, қоғамдағы мейірімділік пен татулықты нығайту жолында жүйелі жұмыстар жалғасуда.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →