Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы» қызметкерлерімен бірлесіп, отбасы құндылықтарын дәріптеу және неке институтын нығайту мақсатында жас отбасыларға арналған арнайы тренингтер мен кездесулер ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл іс-шаралар жастарды отбасылық өмірге психологиялық, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан дайындап, олардың тұрақты әрі берекелі шаңырақ құруына септігін тигізеді. Сонымен қатар, жас отбасылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға, өзара түсіністік пен сенімді арттыруға бағытталған кеңес беру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Мұндай бастамалар еліміздің әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етіп, болашақ ұрпақтың сапалы тәрбиеленуіне зор үлес қосады. Түркістан қаласындағы «Отбасын қолдау орталығы» мамандарының пікірінше, жас отбасыларға бағытталған осындай тренингтер мен кездесулер олардың отбасы өміріне дайындалуына ерекше ықпал етеді.
«Жас жұптарға арналған тренингтер эмоционалды байланыс пен өзара түсіністікті арттыруға көмектеседі. Бұл шаралар отбасының беріктігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қиындықтар туындаған жағдайда, ерлі-зайыптылардың қолдау және шешім табу дағдыларын дамыту отбасылық қарым-қатынасты нығайтады және тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді». Сонымен қатар, әлеуметтік мамандар осындай кездесулер жастарға отбасының маңыздылығын түсіндірумен қатар, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға да бағытталғанын атап өтті. Осылайша, орталықтың жұмысы жас отбасылардың өмір сапасын жақсартып, қоғамдағы отбасы институтының мәртебесін көтеруде маңызды рөл атқарып келеді»,- дейді орталық маманы Алтынай Данышбаева.
Айта кетейік, «Отбасын қолдау орталығы» көп балалы және аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын жақсарту, демеушілік көмек көрсетуге және қиын өмірлік жағдайдан шығуға үшінші тұлғаларды тарту бойынша тиімді жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, заң, психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, білім беру және басқа да мәселелер бойынша ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетіледі. Одан бөлек, аналарға онлайн түрде ЭЦҚ кілтін алу, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тіркеу, сауалнама толтыру, оқыту курстарына тізім жасау, курстар кестесін жасау, тұрғын үй алуға кезекке тұру, құжаттарды қалпына келтіру сынды сұраныстарға көмек береді. Өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларға да көмек береді.