Мерекенің шарықтау шегінде жастар «Той жыры» әнін тірі дауыста бірге шырқап, ұлттық музыканың терең тәрбиелік мәнін тағы бір мәрте дәлелдеді
Сәтбаев университетінде ерекше бір күн Жас жұбайлар күні аталып өтті. Бұл тек жаңа отбасы құрған жастарды құттықтаумен ғана шектелмей, қазақы отбасы дәстүрін, махаббат пен адалдықты, шаңырақтың қасиетті ұғымынұлықтауға бағытталған тағылымды мереке болды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Айтулы күннің таңдалып алынуы да тегін емес. Дәл осыдан 55 жыл бұрын, 1970 жылдың 10 қазанында, Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Сәтбаев университеті) қара шаңырағында №1 жатақханада, бүкіл қазақ жұртының жүрегінен орын алған, бүгінге дейін мыңдаған жұптың тойында шырқалып келе жатқан «Той жыры»дүниеге келген еді.
Атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшелері Досым Сүлеев пен Ұлықпан Сыдықов, сол кездегі досының, Мұрат Құсайыновтың үйлену тойына арнайы дайындап, екі сағаттың ішінде жазып шыққан бұл ән кейіннен шынайы махаббаттың, баянды неке мен отбасы бақытының нышанына айналды.
Осы тарихи сәттің рухымен үндескен бүгінгі мерекеде университет қабырғасында бірнеше жас жұп ресми түрде некелерін қидырып, жаңа өмірге қадам басты. Мерекенің шарықтау шегінде жастар «Той жыры» әнін тірі дауыста бірге шырқап, ұлттық музыканың терең тәрбиелік мәнін тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл сәт, расында да, жүректерді тебірентіп, жиналған жұрттың көңілін толқытты.
Ардагер ұстаздар мен өнер саңлақтары, Ұлықпан Сыдықов пен Досым Сүлеев, жастарға ақ батасын беріп, отбасын құру тек сезім ғана емес, үлкен жауапкершілік пен ұлт болашағына деген адалдық екенін еске салды.
Бүгінгі таңда түрлі сынаққа толы заманда «махаббат уақытша, неке формалдылық» деген үстірт түсініктер көбейіп бара жатқанда, «Той жыры» сынды рухани мұраларымызды ұрпақ санасына сіңіру аса маңызды. Өйткені отбасыұлттың өзегі, ал отбасылық құндылық - мемлекет тұрақтылығының негізі.
Сондықтан да, жастардың бастамасымен қайта жаңғырған бұл мереке – тек бір оқу орнының ғана емес, бүкіл еліміз үшін отбасылық дәстүр мен ұлттық рухты дәріптейтін жаңа символ бола алады деп сенеміз.
Иә, қоғамда түрлі пікір мен көзқарас бар. Бірақ жаман пікірлерге бой ұрып қорықпай, жақсы істі бастап кету – шынайы ерліктің белгісі. Егер еліміздің әрбір жасы осындай жауапкершілікпен, адал сезіммен және салт-дәстүрге берік болып өссе, болашағымыз баянды болатынына еш күмән жоқ.
«Той жыры» – бұл тек қана ән емес, ол – жүректен төгілген шынайы сезімнің сазға айналған үні. Осыған орай, «Той жыры» біздің ұлттық мәдениетіміздің жарқын символына айналуға толық лайық».
Ал Сәтбаев университетінің студенттері 10 қазан күнін Қазақстандағы жас жұбайлар күні ретінде ресми мереке деп жариялауды ұсыныс етуде. Бұл күн еліміздегі махаббат пен отбасылық бірлікті дәріптейтін маңызды датаға айналады деп сенеміз.