Астанада XIІ Азаматтық форум аясында Қоғамдық кеңестердің IV Республикалық мәжілісі өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, өңірлік және республикалық қоғамдық кеңестердің мүшелері, сарапшылар, халықаралық ұйым өкілдері мен азаматтық сектор белсенділері қатысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Өз сөзінде министр қоғамдық институттардың тұрақты дамып, олардың қоғамдық пікір мен шешім қабылдау процесіндегі рөлі артып келе жатқанын атап өтті.
«Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысы сіздердің белсенді ұстанымдарыңыз бен бастамашылдықтарыңызға тікелей байланысты. Бұл алаң жергілікті деңгейде көтерілген өзекті мәселелерді республикалық деңгейге жеткізудің тиімді жолы», – деді Аида Балаева.
Министр қоғамдық кеңестер институтын заманауи үрдістерге бейімдеп, халықпен кері байланысты нығайту қажеттігін айтты. Осы мақсатта кеңестердің жұмысында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдану ұсынылды.
Сондай-ақ Аида Балаева қоғамдық кеңестердің парламенттік реформаларға белсенді қатысуының маңыздылығын ерекше атап өтті.
«Президент атап өткендей, бұл мәселе қоғамның кеңінен қатысуын, халық пікірін терең талдауды қажет етеді. Сондықтан қоғамдық кеңестердің Конституция баптарына толықтырулар мен өзгерістер енгізу жөніндегі ұсыныстар әзірлеуге атсалысуы маңызды», – деді министр.
Аида Балаева кеңестердің жұмыс тиімділігін арттыру және қоғамдық бақылауды күшейту үшін қоғам алдында ашық есеп беру тәжірибесін енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңда көрсетілген ашықтық пен айқындық қағидаттары іс жүзінде жүзеге асуы тиіс.
«Қоғамдық бақылау жекелеген мәселелермен шектелмей, “Заң және тәртіп”, “Таза Қазақстан”, “Адал азамат” сияқты ұлттық жобалардың іске асырылуын жүйелі түрде бақылауға бағытталуы қажет», – деді министр.
Бүгінде Қазақстанда 263 қоғамдық кеңес бар, олардың құрамында 4000-нан астам белсенді азамат жұмыс істейді. Соңғы үш жылда кеңестер 9000-нан астам нормативтік-құқықтық акт жобасын қарап, 2100 мемлекеттік орган басшысының есебін тыңдаған. Сонымен қатар 820 қоғамдық тыңдау өткізіліп, 2000-нан астам азаматтың өтініштері қаралған.
Аида Балаеваның айтуынша, қоғамдық кеңестердің белсенділігі мен жауапкершілігі артқан сайын, қоғамдағы сенім мен өзара түсіністік мәдениеті де нығая түседі.