Бұған дейін бір сағатқа ақы алынатын
Астанада автотұрақ ақысы енді нақты тұрған уақытқа сай есептелмек. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек депутаттық сауалға жауап беру барысында айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәслихат депутаты Асылбек Нұралин қазіргі бір сағаттық төлем жүйесі жүргізушілерге қолайсыз екенін айтып, аз уақыт тұрақтағандарға артық төлем жасамау тәсілін енгізуді ұсынған еді.
Жеңіс Қасымбектің айтуынша, елордада шлагбаум орнатылған жаңа үлгідегі автотұрақтар іске қосылады. Онда көліктердің кіріп-шығуын тіркейтін бейнебақылау және нөмірді автоматты тану жүйесі орнатылады. Қажетті инфрақұрылымы бар ашық коммуналдық тұрақтар да осы жүйеге қосылады.
«Жаңа жүйе енгізілген соң көлік қою ақысы нақты тұрған минуттарына қарай есептеледі. Сондықтан пайдаланылмаған уақыт үшін ақшаны қайтарудың қажеті болмайды», – деді қала әкімі.
Алдын ала есеп бойынша, шлагбауммен жабдықталған тұрақтарда төлем сағатына 300 теңге, ал ашық коммуналдық тұрақтарда 100 теңге болады. Ал жеке автотұрақ иелері бағаны өздері белгілейді. Сараптама нәтижесінде жеке тұрақтардағы тариф 300 теңгеден 5000 теңгеге дейін жететіні анықталған.
Қала әкімінің айтуынша, қазіргі мобильді қосымша жеке серіктес – «Парковочное пространство Астаны» ЖШС-не тиесілі. Әкімдік компаниямен жасалған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісімін бұзу процесін бастап кетті.
Келісім тоқтатылғаннан кейін әкімдік дайындаған жаңа ережелер күшіне енеді. Соның нәтижесінде елордадағы автотұрақтарда уақытқа негізделген төлем жүйесі ресми түрде енгізілмек.