Құрмет тек сөзбен емес, іс жүзінде де көрінуі тиіс
Кез келген қоғамда еңбек адамдарының иығына тұрақтылық пен дамудың ауыр жүгі артылады. Көзге көрінбесе де, елдегі әр азаматтың өміріне тікелей әсер ететін қарапайым жұмысшылардың еңбегі – елдің іргесін ұстап тұрған басты күш. Алайда соңғы жылдары жұмысшы мамандықтардың қадірі төмендеп, жастардың көбі физикалық еңбектен қашқақтайтын үрдіс байқалады. Ал шындығында, кез келген табыстың бастауы – адал еңбек пен төзімділік. Елімізге жол салатын да, үй тұрғызатын да, өндірісті дамытатын да – осы еңбек адамдары. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін көтеру, олардың еңбегін әділ бағалау - қоғам алдындағы үлкен міндет. Осы тұрғыда Qaz365.kz тілшісі қарапайым жұмысшының қазіргі қоғамдағы рөлі, еңбек адамының беделін арттыру жолдары және жастардың еңбекке көзқарасы жайлы Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиевпен сұқбаттасқан еді.
– Президент биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл жылдың маңызы – жұмысшы мамандықтарға басымдық беру, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға жастарды тарту екені белгілі. Осы орайда, нақты бұл жылда қандай іс-шаралар атқарылуы керек еді деп ойлайсыз?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде еңбек нарығын дамыту мен жұмыссыздықты азайту бағытында ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Бұл бастамалар халықты тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етуді және экономиканың нақты секторындағы еңбек өнімділігін арттыруды көздейді. Қазіргі таңда елімізде АЭС құрылысы, өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандардың салынуы, тұрғын үй мен жол жобаларының жүзеге асырылуы – бәрі де жұмысшы мамандарға деген сұранысты еселеп отыр. Осы орайда, ең өзекті мәселе – білікті кадр тапшылығы.
Бүгінде көптеген жастар жоғары оқу орнын тек диплом алу үшін бітіріп, өз саласы бойынша еңбек етпей, мүлде басқа бағытқа кетіп жатады. Бұл құбылыс қоғамда «диплом бар, бірақ маман жоқ» деген жағдайды қалыптастырды. Ал экономикаға нақты істің маманы қажет. Сондықтан мемлекет пен бизнес бірлесіп, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды анықтап, сол бағыттар бойынша кәсіби кадр даярлауға басымдық бергені жөн.
Мысалы, дәнекерлеуші, энергетик, құрылысшы, инженер, ІТ-маман сияқты кәсіп иелеріне сұраныс жоғары. Көптеген кәсіпорындар қазірдің өзінде дуалды оқыту жүйесін енгізіп, студенттерді оқу кезінде-ақ тәжірибеден өткізіп, жұмысқа қабылдауда. Бұл тәсіл еңбекке ерте бейімделуге және нарыққа қажет маман болып шығуға мүмкіндік береді.
Ал егер жастар еңбекке қызығушылық танытпай, тек жеңіл табыс көзін іздесе, онда өндіріс саласында адам еңбегін біртіндеп роботтар мен жасанды интеллект алмастыра бастайды. Бұл үрдіс әлемде әлдеқашан басталған. Сондықтан еліміз дамыған технологиялық дәуірде артта қалмауы үшін білім мен еңбекті ұштастыра білетін, заманауи ойлайтын жұмысшылар мен инженерлер қажет. Ең бастысы – еңбек беделін арттырып, жұмысшы мамандығын қоғамда қадірлі ету.
– Жалпы, жұмысшы мамандықтарының кәсібін жетілдіру маңызды деп ойлайсыз ба?
– Әрине, біліктілігі төмен адам сапалы нәтиже бере алмайды. Қазір еліміз техникалық мамандардың кәсіби деңгейін арттыруды басты міндет етіп алды. Көптеген салаларда байқалып жүрген сапасыз құрылыс, дәмсіз ас, қызмет көрсету мәдениетінің төмендігі секілді мәселелер мамандардың дайындық деңгейінің жеткіліксіздігінен туындайды. Жұмысты шала орындау тек жеке адамның емес, бүкіл саланың беделіне нұқсан келтіретіні айтпасақ та түсінікті.
Сондықтан әр маман, мейлі ол құрылысшы болсын, аспаз, механик немесе қызмет көрсету саласының өкілі болсын, өз ісін жақсы меңгеруге, үнемі қабілетін шыңдауға ұмтылуы қажет. Өйткені білім мен тәжірибе қатар жүрмесе, кәсіпте табысқа жету қиын. Қазір заманауи технологиялар дамып жатқан кезде, жаңа дағдыларды игеру бұрынғыдан да маңызды. Курстарға қатысу, кәсіби әдебиеттер оқу, тәжірибелі мамандардан үйрену – мұның бәрі адамның бәсекеге қабілетті болуына көмектеседі. Қысқасы, еңбек ететін адам өз ісін сүйіп, оны жақсы атқаруға тырысса, қоғамда сапалы қызмет пен өнім көбейеді. Ал елдің дамуы дәл сондай ізденімпаз, жауапкершілікті мамандардың арқасында жүзеге асады.
– Қалай ойлайсыз, сіз атап өткен осы қарапайым жұмысшылардың атқарған еңбегі, теккен төрі ақталып жүр ме?
– Бұл - бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Көптеген адамдар жалқау болғандықтан емес, еңбегі дұрыс бағаланбағандықтан жұмысқа ынта танытпайды. Адам өз еңбегінің қадірін сезінбесе, жақсы нәтиже де күтудің қажеті жоқ. Қазір кейбір салаларда қарапайым жұмысшылар өз мамандығы бойынша емес, ауыр немесе уақытша жұмысқа кетіп жатыр, себебі ондағы жалақы жоғары. Ал бұл жағдай кәсіби мамандардың тапшылығына әкеледі.
Егер біз сапалы еңбек пен жақсы нәтижені қаласақ, алдымен жұмысшының еңбегін әділ бағалауымыз керек. Жалақыны көтеру - тек табыс мәселесі емес, бұл адамға құрмет көрсету мен еңбек беделін арттырудың бір жолы. Әркім өз ісіне жауапкершілікпен қарап, лайықты еңбекақы алса, жұмыс та сапалы, қоғам да әлдеқайда тұрақты болар еді.
– Сонда еңбекқорлықтың маңызы неде?
– Бала кезімізден "Еңбек бәрін жеңбек", "Еңбектің наны тәтті" деген сөздерді естіп өстік. Бұл бекер айтылмаған. Адам ерінбей еңбек етсе, өмірі де, тұрмысы да жақсарады. Ең бастысы – ешкімге алақан жаймай, өз еңбегіңмен жетістікке жету. Қазір кей адамдар бір емес, бірнеше жұмысты қатар істейді. Бұл - олардың еңбекқорлығы мен жауапкершілігінің белгісі. Мұндай адамдар өмірде мақсат қоя біледі, қиындықтан қорықпайды және өз күшіне сенеді.
Еңбек ету – қорлық емес, керісінше, адамның абыройын арттыратын қасиет. Жас кезде тер төгіп, тәжірибе жинаған адам қартайғанда еңбегінің жемісін көреді. Сондықтан "бейнет түбі – зейнет" деген сөздің мағынасы өте терең. Кімде-кім адал еңбек етсе, ертеңі де жарқын болады. Еңбек – адамның өмірін мәнді ететін, оны құрметке лайық ететін ең үлкен құндылық.
– Ал еңбек адамының құрметін арттыру үшін не істеу керек?
– Еңбек адамын құрметтеу – қоғам мәдениетінің көрсеткіші. Өкінішке қарай, бізде кейде қарапайым еңбек иелеріне жеткілікті құрмет көрсетілмейді. Ал шын мәнінде әрбір адамның еңбегі бағалануы керек: еден жуушы да, құрылысшы да, дәрігер де - бәрі өз орнында қоғамға үлес қосып жүр.
Құрмет тек сөзбен емес, іс жүзінде де көрінуі тиіс. Мысалы, көшеде жатқан қоқысты көрсең, оны елемей кетпей, қоқыс жәшігіне тастау – бұл да еңбек адамына көрсетілген көмектің бір түрі. Себебі мұндай ұсақ істер арқылы біз өзгелердің еңбегін жеңілдетеміз. Сонымен қатар жұмысшының еңбегіне сай жалақы төлеу – құрметтің ең маңызды белгісі. Әркім өз еңбегінің әділ бағаланатынын сезінсе, қоғамда жауапкершілік те, сыйластық та артады. Шын мәнінде, еңбекке құрмет – елдің дамуының негізі.
Сондай-ақ жұмысшының еңбегіне сай жалақы төлеу – құрметтің ең маңызды белгісі. Әркім өз еңбегінің әділ бағаланатынын сезінсе, қоғамда жауапкершілік те, сыйластық та артады. Шын мәнінде, еңбекке құрмет – елдің дамуының негізі.