×

Көші-қон – ұлтты ұйыстыратын мүмкіндік

Көші-қон – ұлтты ұйыстыратын мүмкіндік
gov.kz

Көші-қон – кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуалына тікелей әсер ететін күрделі үдеріс, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Биыл жыл басынан бері, қаңтар-маусым айларында Қазақстанға 11 267 адам келсе, 3 518 адам елден көшіп кеткен. Бұл көрсеткішті былтырғы жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда, елге келушілер саны 21 пайызға, ал елден кетушілер саны 49,5 пайызға азайғаны байқалады. Қазақстанның негізгі көші-қон қозғалысы дәстүрлі түрде ТМД елдерімен жүзеге асады: елге келгендердің 82,2 пайызы осы мемлекеттерден болса, шетелге кеткендердің 73,9 пайызы да ТМД аумағына бағытталған.

Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығында жұмыс атқарған қоғам қайраткері Сұлтанәлі Балғабаев 1990 жылдардан бастап шетел қазақтарымен байланыс жасау жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Әсіресе, көші-қонға айрықша көңіл бөлініп,  атажұртқа оралғысы келетіндерге көлік, ұшақ, тіпті тұтас пойыз жіберу үйреншікті жағдайға айналды. Сөйтіп жыл сайын келген қандастардың саны 50 мыңнан 100 мыңға дейін жетіп, бұл көш 2007 жылдарға дейін қызу жүрді. Соның нәтижесінде атажұртқа бір жарым миллионға жуық қандасымыз оралды. Табиғи өсімін қосып есептегенде олардың саны қазір  кемінде екі есе өскені анық. Бұл ағайындар Қазақстан халқының қазіргідей 20 миллионға жетуіне, оның ішінде бір кезде республикадағы үлесі 30 пайызға дейін төмендеп, ұлт ретінде басына қауіп төнген қазақтардың енді 70 пайыздан асып, қайта көтерілуіне ерекше үлес қосты.

Бірақ соңғы жылдары қандастар көші тоқырап, тоқтауға айналды. Бұл бір қарағанда адам таңқалатын жағдай. Өйткені қазіргі Қазақстан  тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда дамыды, қандастар көшін ұйымдастыруды бұрынғыдан да жақсы жүргізуге қаржысы  жетеді, жер көлемі де кең, оның үстіне біраз өңірлерде тұрғындары азайып, бос қалған елді мекендер  көбейген. Енді осы жерлерге әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген қандастарымызды жинап әкеліп орналастыруға әбден болады ғой. Бұл, басқаны былай қойғанда, мемлекетіміздің  экономикалық дамуы мен қорғаныс қабілетінің нығайуы үшін де өте  қажет, – деді С. Балғабаев.

Сарапшының айтуынша, қандастар көші бұрынғымен салыстарғанда әлдеқайда азайған. Мысалы, бір кезде қандастарға арналған көші-қон квотасы жылына 50 мың мен 100 мыңның арасында болса, қазір екі-үш мыңның айналасында қалып қойды.

Қандастар көшін көбейтуге шынайы жанашырлық жетпей тұр. Мысалы Гермения мен Израиль жан-жақтағы қандастарын үздіксіз жинап келеді. Міне, осы мемлекеттер атажұртқа оралатындардың қай ұлтқа жататынын біздегідей сөйлейтін тілі мен геномдық сараптамаға қарап анықтай ма? Әлде өркениеттке жақындау басқа жолмен жүзеге асыра ма? Біздің өзімізде бұрын атажұртқа жаңадан жеткен ағайынның қазақ екендігіне оның бұрын келіп, азаматтық алған үш танысы куәлік етсе, қалған мәселе бірден шешілетін.  Осы тәжірибені қазір де жалғастырсақ не болар еді?! – дейді сарапшы.

Бүгінде әлемнің 30-ға жуық елінде өмір сүріп жатқан 5 миллионға тарта қазақ диаспорасы мен тарихи отанына оралған қандастарға көрсетілетін қолдау нақты және жүйелі нормативтік-құқықтық негізде жүзеге асқанда ғана өз нәтижесін береді. Мұндай құжаттардың басы о бастан сәтті жүзеге асып келді. Мысалы, 1996 жылдан бастап қатарынан екі рет «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарламада қазақ диаспорасына мәдени-рухани, оқу-білім, көші-қон және басқа да салалардан қолдау көрсетудің жолдары айқындалып, ол жұмыстармен айналысатын мемлекеттік мекемелердің міндеттері нақты белгіленген болатын. Ал қазір мұндай бағдарлама, өкінішке қарай, саны жағынан біршама азайған.

Биыл Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы аясында «Шетелдегі қазақ диаспорасы: этникалық көші-қонның әлеуметтік сипаты және  оралмандарды бейімдеудің өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылған болатын. Мұнда өзекті сұрақтар қойылып, бірқатар мәселе көтерілді.

 Қазіргі кезде оралмандар  көшін қалай, қайтіп ұйымдастырамыз деген мәселеге айрықша назар аударылуы керек. Бүгінгі таңдағы қандастардың  қиындықтарының басым көпшілігі бейімдеу орталықтарының жергілікті жерлерде мүлдем болмауы немесе жеткіліксіздігінен туындап отыр. Осындай жағдайдың салдарынан алыстан келген ағайындар алғашқы кезде не тұратын, не тұрақты тіркелетін жер таба алмай әуре-сарсаңға түседі. Сондай-ақ, бұрын қандастар  мәселесімен бірыңғай  көші-қон мекемелері айналысатын. Ал қазір оларды қабылдау мен орналастырудың негізгі салмағы жергілікті атқарушы органдарға, яғни облыстық әкімшіліктер мен олардағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдармалар басқармаларына жүктелетін болды. Бірақ олардың мұндай міндетті ойдағыдай атқаруға шамалары, мүмкіндіктері, тәжірибелері жете ме – бұл мәселе де әзірше белгісіз, – деп сөзін түйді Балғабаев.

Қысқасы, ел тағдыры мен ұлт болашағына тікелей ықпал ететін маңызды құбылыс саналатын қандастардың атажұртқа оралуы – тек демографиялық емес, рухани жаңғырудың да айғағы. Әлемдік тәжірибеде көші-қон дұрыс бағытталған жағдайда ел дамуына қуатты серпін беріп, аймақтардың теңгерімді өркендеуіне жол ашады. Сондықтан бұл үрдіске жаңа бағдар беріп, қандастарды қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастыру қажет. Бірлік пен бауырмалдыққа негізделген көші-қон саясаты ғана елдің тұтастығын нығайтып, Қазақстанның даму жолындағы маңызды күшке айнала алады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Алматыда азық-түлік нарығын тұрақтандыру үшін 12 млрд теңге бөлінді
Бүгін, 16:23

Алматыда азық-түлік нарығын тұрақтандыру үшін 12 млрд теңге бөлінді

Жыл басынан бері азық-түлік тауарларының бағасы 8,4 пайызға өскен
Министрліктің түсіндіруінше, мұндай шектеулердің басты мақсаты – елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →