Есірткі бизнесінің теріс пиғылды біреулерге тиімділігі сонша, үнемі жаңа түрлері пайда болып жатады
Адам денсаулығы мен өміріне жойқын әсер ететін есірткі тұтыну және есірткі бизнесімен күрес – мемлекеттік деңгейдегі міндеттің бірі. Бұл халық денсаулығы мен елдің болашағына қатысты мәселе. Жуырда Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен нашақорлық профилактикасы және есірткі қылмысына қарсы іс қимыл бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі республикалық штабтың құрылуы соның айғағы. Сондай-ақ бұл штабтың құрылуы нашақорлық сияқты аса зиянды әдеттің күрделі сипат алғанын білдіреді. Ақпарат көздерінен тарап жатқан нашақорлыққа қатысты неше түрлі қылмыстар, есірткі жасайтын зертханалардың жойылуы және басқа үрейлі хабарлардың артында адам тағдыры тұр.
Есірткі бизнесінің теріс пиғылды біреулерге тиімділігі сонша, үнемі жаңа түрлері пайда болып жатады. Соның ішінде синтетикалық есірткі – яғни жасанды химиялық заттар бар. Алматы қаласы Психикалық сауықтыру орталығының нарколог маманы Құмарбек Қожекенов Qaz365.kz тілшісіне осы химиялық есірткілердің зияны жөнінде айтып берді.
– Құмарбек Мәкейұлы, ең алдымен синтетикалық есірткі деген не, олардың қандай түрі бар, соған тоқталып өтсеңіз.
– Синтетикалық есірткі дегеніміз бұл психикалық және физикалық тәуелділік тудыратын, жасанды жолмен алынған психоактивті заттар. Олар кәдімгі медициналық препараттардан жасалады. Зерттеулер бойынша, бұл заттардың бірнеше түрі бар, біріншіден, «экстази» деген жасанды психоактивті зат, ол таблетка түрінде болады. Екіншісі жылдамдық (speed) деп аталатын кристалл заттар, бұлар иіскеу және шегу арқылы пайдаланады. Үшіншісі ең күшті психоактивті заттардың бірі – ЛСД (лизергин қышқылының диэтиламиді). Таблетка, ұнтақ және сұйықтық түрінде шығарылады, тамырға да салады. Төртіншісі тұз деп аталады, оның ішінде мефедрон жиі кездеседі. Бұлардың бәрі жасанды болғандықтан, тәуелділікті тез тудыратын психоактивті заттардың қатарына жатады. Синтетикалық есірткілердің химиялық формуласы жиі өзгеріп тұрады. Есірткі заттар адамның орталық жүйке жүйесіне жойқын әсер етеді.
– Осы жасанды есірткі заттарының адам денсаулығына зияны қандай?
– Синтетикалық есірткі заттары жасанды жолмен әзірленгендіктен, адам ағзасына өте зиян. Мысалы жасөспірім балалар бірінші қолданған кезде-ақ тәуелділікке душар болады. Өйткені оның құрамында неше түрлі химиялық зат бар.
Статистикалық деректерге қарағанда, психотроптық заттардың арасында адам ағзасына қатты зиян тигізетін зат ретінде бірінші қатарда синтетикалық есірткілер тұр. Жас балалар негізінен есірткіні тұтынғанда шегуден бастайды, біртіндеп жоғарғы тыныс алу орындарының ауруы пайда болуына әкеледі, өкпе ауруы пайда болады. Ақыр соңында гепатит, мерез, ВИЧ-СПИД және басқа қатерлі ауруларға душар болады.
Біздің орталықта сараптамадан өткен жастар тұтынған психотроптық заттардың ішінде мефедрон жиі кездеседі. Зерттеулер барысында анықталғандай, мефедронның адам ағзасына әсері бойынша ең алдымен мидың ойлау қабілеті төмендейді, адам ұмытшақ бола бастайды. Мектепте, колледж немесе университеттерде оқитын жасөспірімдердің күнделікті сабағы нашарлайды, оқу үлгерімі төмендейді. Егер есірткі заттарын қан тамырына ине салу арқылы қолданса қатерлі ауруларға шалдығу қаупі артады.
– Есірткі қолданып жүрген адамның бойында қандай белгілер болады?
– Синтетикалық психотроптық заттардың клиникалық белгілерін айтар болсақ, шеккен кезден бастап жасөспірімдердің мінез-құлқы өзгере бастайды, көңіл күйі көтеріліп, не істеп не қойғанын білмей қалады. Мысалы өзінен-өзі күле береді, немесе жерге жатып аунайды. Психотроптық заттың әсері қайтқанда нашақордың бойында үрей, қорқыныш сезімі пайда болады. Оларды біреу үнемі аңдып жүргендей көрінеді. Сөйтіп, психикалық халі өзгергеннен кейін галлюцинация пайда болады. Психоактивті зат шегіп алған жеткіншектің артынан біреу қуып келе жатқандай болып, тіпті биіктен, мысалы балконнан секіріп кетуі де мүмкін. Осылай өлімге әкеп соғатын жағдайлар кездеседі.
– Осы аса зиянды дерттің таралмауы үшін не істеу керек?
– Кез келген мәселенің алдын алу тиімді. Біз жастардың есірткіден аулақ болуына өзіміз ықпал етуіміз керек. Нашақорлықтың алдын алуда отбасы, мектеп, жоғары оқу орындары – барлығы бірдей белсенді жұмыс жүргізуге тиіс. Профилактикалық іс-шараларда әсіресе әлеуметтік желілер, теледидар және басқа бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі зор. Психотроптық заттардың жастар ағзасына зиянын жиі айтып, көрсетіп отырсақ жұмысымыз алға басады.
– Құмарбек Мәкейұлы, сіз қызмет атқаратын орталықта есірткіге тәуелді жастар көп пе, олар өздері келе ме әлде отбасы, ата-анасы мәжбүрлей ме?
– Алматы қалалық Психикалық сауықтыру орталығында қазіргі уақытта 4 627 адам диспансерлік бақылауда тұр. Олар Алматы қаласының тұрғындары. Соның ішінде 1174 емделуші – есірткіге тәуелді. Қазір бізде 22 жасөспірім диспансерлік бақылауда тұр, олар есірткіге және ішімдікке тәуелді балалар. Кейбірін жақындары алып келіп емдетеді. Өз тәжірибемде, біздің сауықтыру орталығына өзі келіп емделген жасөспірімдер болды. Олардың психикалық мінез-құлқы өзгеруіне байланысты галлюцинация басталған, сол үшін емделуге мәжбүр болды. Егер дәрігерлердің емі мен кеңесін дұрыс орындаса, олардың дертінен айығуына мүмкіндік бар. Әрине, ол үшін талаптарды қатаң сақтауы керек.
– Әңгімеңізге рақмет!