×

Желідегі жасырын қауіп: экстремистік топтар жастарды қалай арбап жатыр

Сақтық шараларын әрбір әлеуметтік желіні тұтынушы білуге тиіс

Желідегі жасырын қауіп: экстремистік топтар жастарды қалай арбап жатыр
pikabu.ru

Технологиялар дамыған сайын ақпарат алу көзі көбейді. Бұл қоғамдағы тұрақтылыққа кері әсерін тигізетін құбылыстарға да қолайлы. Соның ішінде терроризм мен экстремизмді жасырын қолдайтын топтардың белсенді пайдаланатын кеңістігі – әлеуметтік желілер. Әсіресе әлеуметтік желіні белсенді қолданатын жастар арасында діни радикализм мен экстремизм идеологиясының таралуына сақ болу керек дейді мамандар.     

Экстремизмнің бірнеше формасы бар: саяси, ұлттық және діни.  Еліміздің дін саласындағы мемлекеттік саясаты дінді деструктивтік мақсатта қолдануға жол бермеуге бағытталады және түрлі дін өкілдері арасында қатынастарды жетілдіруді көздейді. Алайда адам мен жаратушының арасындағы сыр іспетті діни ғұрыптарды өз мақсат-мұратына сай  қолданудың орнына, оны жеке мақсаттарына жетудің құралына айналдырудың астарында зайырлы мемлекет заңдарын құрметтемеу ғана емес, мүлде теріс пиғыл жатыр. Сондықтан да заң мен құқық аясында деструктивті ағымдардың жолын кесу шараларын қолдау керек.

«Global Digital – 2024» месебіне қарағанда жаһандық деңгейде әлем тұрғындарының 66 пайызы интернетті қолданады, әлеуметтік желілердің аудиториясы күннен-күнге өсіп жатыр, қазіргі таңда тіркелген парақшалар саны 5 миллиардтан асады. Әсіресе әлеуметтік желілер жастар санасын жаулаудың, оларға ықпал етудің күшті құралына айналды.

Әлеуметтанушылардың айтуынша, қазір теріс пиғылдағы үгіт-насихат жүргізушілер үшін  әлеуметтік желілер өте ыңғайлы платформа болып отыр.

«Қазіргі таңда әлеуметтік желілер қоғамдық сананы қалыптастырушы, адамдардың ой-пікірін сан-саққа, әртүрлі жаққа манипуляциялаушы ықпалды күшке айналып кетті. Әлеуметтік  желілерді өз мүдделері мен мақсаттарына пайдаланушы топтар да жетерлік. Олардың арасында теріс діни ағымдарды насихаттаушылар да аз емес. Өйткені, әлеуметтік желілер олар үшін өте ыңғайлы – күн-түн демей, 24 сағат бойы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе береді. Цифрлық технологияның әртүрлі жетістіктерін де тамаша игерген. Адамның санасына, жүрегіне тікелей әсер етерліктей, идеялық, идеологиялық тұрғыда эмоционалдық күші басым бейнероликтер арқылы діни санасы төмен, дінге байланысты объективті көзқарасы қалыптаспаған, теріс діни ағымның не екенін ажырата алмайтын азаматтарды өз қатарына тарту ісі астыртын жүріп жатыр. Бұл контентпен күрес мамандарды тарту арқылы жүйелі жүргізілуге тиіс, – дейді  әлеуметтанушы Дәуіржан Төлебаев.

Расымен де, кез келген құбылыс секілді әлеуметтік желінің пайдасымен қатар зиянды жағы да бар. Қауіпті идеологиялар, оның ішінде терроризм мен экстремистік қозғалыстар өз қатарына адам тарту, жазылушы санын көбейту, күш көрсетуге итермелеу сияқты әдіс-тәсілдер арқылы ел ішіне іріткі салудың жолын іздейді. Мысалы, Telegram желісінің негізін қалаушы Павел Дуровтың жазуынша, мұнда күн сайын терроризм мен күш көрсетуді насихаттайтын жүздеген арна бұғатталады. Аптасына миллионнан астам зиянды аккаунт, топтар, арналар мен жазбалар жойылады. Бұл басқа әлеуметтік желілерге де тән көрініс.   

Осындай ірікті салдарынан қоғамымызда ұлттық тамырынан ажыраған, әдет-ғұрпымыз бен салт-дәстүрімізге қарсы шығушылар пайда болды. Бұл ұлттық тұтастығымыз үшін қауіпті деп дабыл қағады ғалымдар.  

 Дінтанушы ғалым, Maqsut Narikbayev University Ислам және қазақ құқығы орталығының директоры Асқар Сабдин теріс ағымдардың белгісі жөнінде былай дейді:  

«Діни деструктивті ағым өкілдері діни ақпаратты өз ортасынан ғана алады. Олардың басшылары балама ақпарат жолдарының бәрін жауып тастайды. Сөйтіп ақпараттық тұрғыдан оқшауланып, өзге көзқарастарға төзбеушілікке итермелейді. Теріс ағымдарға адам тартудың әдіс-тәсілдері көп. ХХІ ғасырда ақпараттың негізгі көзі – интернет. Сондықтан біз жастарға ақпаратты тексеруді (верификация жасау) үйретуіміз керек. Ол ақпаратты кім таратты, не үшін таратты – сыни тұрғыдан қараған жөн. Ақыл таразысына салып, салмақпен байыптай білу, жан-жақты тексерудің жолы бар. Жасанды интеллектіні пайдалануға да болады, басқа да әдісі көп».    

Ғалымның айтуынша, өз көзқарасын елге таңу үшін Facebook, Instagram, Tik Tok, Х  желілерін, WhatsApp, Telegram мессенжерлерін мінберге айналдырғысы келетін теріс ағымдағылардың экстремистік материалдарын түстеп тануға, ажыратуға болады. Егер мәтінде  немесе бейнероликте әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық немесе діни алауыздық туғызу, ұлты мен тіліне, нәсіліне байланысты адамды кемсіту, террористік іс- әрекетке шақыру, террроризмді ашық ақтау, экстремистік ұйымдардың атрибуттары мен нышандарын жариялау,  төңкеріске шақыру ниеті болса – бұл экстремистік контент. Егер желі тұтынушының алдынан шыққан дүниеде осылардың бірі болса – оған сақ қарау қажет.

Сондай-ақ, діни экстремизммен күресте әлеуметтік желіні оңтайлы пайдалана білу керек, бұл ретте әйелдердің рөлі зор дейді дінтанушылар.

Темур Аманқұл, исламтанушы, Ph.D:   

 «Instagram, TikTok, YouTube секілді платформалар бүгінде жаңа «мешіт мінберіне» айналды. Блогерлер арқылы тарайтын діни мазмұнның ықпалы жүз  мыңдаған адамға жетеді. Сондықтан бұл кеңістік дұрыс бағытта дамуы үшін әсіресе әйелдердің көзі ашық, діни көзқарасының дұрыс бағытта болуы аса маңызды фактор. Өйткені, діни экстремизм әрдайым ақпараттық вакуумда, түсінбеушіліктен және әйел үніне тыйым салудан туындайды. Бүгінгі заманда радикал топтар жастардың санасын әлеуметтік желілер арқылы улайтын болса, дін саласында білімі бар әйел-аналар керісінше сол кеңістікте рухани ағарту мен сана сауаттылығын қалыптастырушы күшке айнала алады. Олардың басты міндеті:
- Исламды қорқыныш емес, мейірім діні ретінде таныту.
- Қоғамда теңдік пен әділдікті насихаттау.
- Экстремизм мен діни фанатизмнің зиянын ашық айту.
- Цифрлық мәдениет арқылы сенім мен білімді ұштастыру.

Дәстүр мен заманауи мәдениетті тоғыстырған бұл әйелдер тек дәстүрлі исламды насихаттап қана қоймай, қоғамды діни фанатизм мен экстремизмнен қорғауға да үлес қосады. Олардың бейбіт, сабырлы, ақылды үні экстремизмге қарсы рухани қалқан іспетті. Себебі діни радикализм көбіне біржақты түсінік, әйелдің үнін өшіру және догмалық көзқарас арқылы тарайды. Әйелдің білім алуы, пікір айтуы, қоғамда белсенді болуы ислам қағидаларына қайшы емес, қайта соның рухына сай келеді. Дәстүр мен дінді үйлестірген әйелдер – қоғам мен дін арасындағы алтын көпір, сана мен сенім арасындағы үйлесім символы. Себебі, нағыз дін – мейірімде, әділдікте және парасатта».

 

* * *

Мамандар айтып өткендей, әрбір әлеуметтік желі тұтынушы сақтық шараларын білуге тиіс. Теріс ағым үгітшілері даулы тақырыппен пікірталас туғызып, елдің назарын аудартады. Содан кейін талқылауға қатысқан адамдарға жеке хабарласып, өз қатарына тартады. Олар көбінесе шын аты-жөнін жасырып,  фейк-аккаунт қолданады. Егер бір адам сізге тым қызығушылық танытса – мұқият болыңыз дейді мамандар. Достыққа да кез келген адамды қабылдай бермеген жөн. Бөтен нөмірден, фейк-парақшадан келген  хабарламаға жауап берудің керегі жоқ. Әлдебір күмәнді бейнероликті немесе мәтінді бөлісуді өтінетін адамдардың да ниеті теріс болуы мүмкін.    

Қоғамдағы діни ахуалдың жақсаруына әрбір азамат үлес қоса алады, ол үшін өміріміздің бір бөлшегіне айналған желілерді тұтыну мәдениетін сақтай  білу керек.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →