Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы инфрақұрылымдық және абаттандыру бағытындағы құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Алдымен қала басшысы Арнайы экономикалық аймақ аумағында жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым желілерін тексерді. Мұнда қазір 306 жарық бағанасы, 230 автотұраққа арналған шам және 191 жол белгісі орнатылып жатыр. Сонымен қатар жол инфрақұрылымын толық қамту үшін инженерлік жүйелер тартылып, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Әзімбек Пазылбекұлы мердігерлерге жұмыстың сапасын қатаң бақылауға алып, нысандарды мерзімінде аяқтау жөнінде тапсырма берді.
Әкім одан кейін Бекзат шағын ауданындағы өндірістік парк құрылыс алаңында болды. 20 гектар аумақта «Aspan Energy KZ» және «Түркістан жарық тазалық» серіктестіктері өндірістік ғимараттар тұрғызып жатыр. Қазір аймақта 5 өндірістік нысанның құрылысы жүріп, инженерлік желілер тартылуда. Жоба қаладағы индустриялық әлеуетті арттыру, жергілікті кәсіпкерлікті дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Құрылыс биыл толық аяқталып, кәсіпорындар іске қосылмақ.
Қала басшысы сондай-ақ Сот ғимаратының маңындағы бос аумаққа заманауи аллея салу жоспарын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар Шымкент тас жолы, 32 көше және Қожабаев айналма жолдары бойындағы көгалдандыру және тал егу жұмыстарын тексерді.
«Егілген ағаштар мен гүлдердің күтімі тұрақты бақылауда болуы керек. Барлық нысандағы жұмыс сапалы әрі дер кезінде орындалуға тиіс», – деді әкім.
Қазіргі таңда Түркістан қаласы әкімдігі барлық құрылыс және абаттандыру нысандарының уақтылы әрі сапалы аяқталуына тұрақты мониторинг жүргізіп отыр.